Экономика институтында Елбасы мақаласы талқыланды
Мақала мазұнына орай ғалымдар ХХI ғасырдағы ұлттық сана, мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі, прагматизм саясаты, ұлттық бірегейлікті сақтап қалу, білім ғұрпы мен мәдениетті дамыту, Қазақстанның эволюциялық дамуы, сананың ашықтылығы, жаңа технологияларды ендіру және дамыту, т.б. тақырыптар аясында баяндама жасап, түркі әлемінің өркениеттегі рөліне қатысты тұщымды ойларын ортаға салды.
Шараны Экономика институты директорының ғылым жөніндегі орынбасары, экономика ғылымдарының кандидаты, доцент Ақсанат Панзабекова жүргізді.
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты директорының міндетін атқарушы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Сәрсенбай Құлманов «Ұлы даланың ұлықтығы: ғұлама ғалымдар, ғұмырлы туындылар, мәңгілік мәдениет, өшпес өркениет» тақырыбындағы баяндама жасаса, экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Тәкен Жанатаев «Ұлы дала мәдениетінің Қазақстанның экономикалық дамуына тигізетін ықпалы» тұрғысында өзінің зерттеулерімен бөлісті.
«Тарихта Түркі әлемі мықты мәдениет пен өркениет пайда болып, дамыған ғажайып кеңістік ретінде белгілі. Түркі өркениетінің әсері әлемдік тарихтың, мәдениеттің, тіптен өркениеттің барысына зор ықпалын тигізді. Түркі әлемі өзінің орналасуы жағынан да Шығыс пен Батысты байланыстырып тұрды. Шығыс пен Батыс аралығындағы аймаққа иелік ете отырып Түркі әлемі Ұлы Жібек жолының күретамыры ретінде екі өркениетті байланыстырды. Бұған тек VI соңына қарай мүмкіндік туды. Дәл сол кезеңде түркі қағанатының шекарасы батыста Византиямен, оңтүстікте Парсы және Үндістанмен, ал шығысында Қытаймен түйісті. Осыған қарап көрші елдердің тарихы түркі державасымен тығыз байланысты болған» деп атап өтті философия ғылымдарының докторы, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің профессоры Сағади Бөлекбаев «Әлемдік мәдениет пен өркениеттің дамуына түріктердің қосқан үлесі» баяндамасында.
Тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, Шоқан Уалиханов атындағы тарих және этнология институты Ғылыми кадрларды даярлау орталығының меңгерушісі Алтын Уалтаева «Ұлы даланың жеті қыры» үлгісіндегі рухани жаңғыру стратегиясы» тақырыбына кеңінен тоқталып өтті.
Шараға ҚР ҰҒА академигі Аманжол Қошанов, ҚР БҒМ ҒК Экономика институтының бас ғылыми қызметкері, экономика ғылымдарының докторы, профессор Фархат Днішев, сондай-ақ институттың ғылыми қызметкерлері, сарапшылар, жас ғалымдар қатысты.
Шараға қатысушылар дөңгедек үстел барысында резолюция қабылдап, мәдени және құнды бағдарымызды қолдау мақсатында қоғамның интеллектуалдануына күш салу қажеттілігі туралы ұсыныстарын білдірді.
Эльвира Серікқызы,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ