Эфиопияда құлаған ұшақтағы 157 адам «түгел қаза тапқан»
Апатқа ұшыраған Ethiopian Airlines ұшағының бортындағы 157 адам түгел қаза тапқан. Бұл туралы Эфиопия мемлекеттік телеарнасы хабарлады. Бортта 149 жолаушы және сегіз экипаж мүшесі болған.
Эфиопияда жексенбі күні, 10 наурызда таңертең Аддис-Абебадан Кения астанасы Найробиге ұшқан «Боинг-737» ұшағы құлаған.
Ұшақта 33 елдің азаматтары болған. Оның үшеуі – Ресей азаматы.
Апат себебі әзірге белгісіз. Әуе компаниясының хабарлауынша, ұшақ әуеге көтерілген аз уақыттан соң ұшқыш «әлдебір қиындық туғанын айтып, Аддис-Абебаға қайтуға рұқсат сұраған».
Эфиопия парламенті 11 наурызды қаралы күн жариялады.
Бұл – тұрақты түрде рейс жасап жүрген жолаушылар ұшағының биылға алғаш рет апатқа ұшырауы. Былтыр қазанда Индонезияда тап осы — «Боинг-737 MAX 8» маркалы ұшағы құлап, 189 адам қаза тапқан.