Home Жаңалықтар Эболаға ұқсас. Гвинеяда тағы бір ажал вирусы пайда болды

Эболаға ұқсас. Гвинеяда тағы бір ажал вирусы пайда болды

0
1050

Дүниежүзілік денсаулық сақтау қызметі мен Гвинея үкіметі Марбург ауруынан бірінші өлімді ресми түрде растады. Бұл вирус Эбола вирусына ұқсас қасиеттерден пайда болады. Covid-19 тудыратын коронавирус сияқты, ол да жануарлардан адамға таралады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі BBC News орыс басылымына сілтеме жасап.

Есімі аталмаған адам 25 шілдеде ауырып, 2 тамызда Гвинея, Либерия және Сьерра-Леоне шекараларының түйіскен жеріндегі Гукеду қаласының маңындағы ауылда қайтыс болған. Ол безгекке қарсы емделіп, Эбола вирусына тапсырылған тесттен теріс нәтиже көрсеткен. Қайтыс болғаннан кейін тіндердің үлгілерін тексеру барысы оның денесінде Марбург вирусының бар екенін растады.

Марбург ауруы алғаш рет 1967 жылы Германияның Марбург қаласында тіркелген. Африка елдерінен тәжірибе үшін әкелінген жасыл маймылдар инфекция ошағына айналды. Аталған вирус бойынша 31 жағдай тіркеліп, жеті адам қайтыс болған.

Кейіннен Марбург ауруы Судан, Кения, Ангола, Уганда, Оңтүстік Африка және Конго Демократиялық Республикасында табылды. Қазіргі жағдай Батыс Африкада тіркелген бірінші оқиға.

Оның өлім деңгейі 24-тен 88 пайызға дейінгі аралықта. Вирус ас қорыту жүйесі мен орталық жүйке жүйесіне әсер етеді және бұл ауруды емдеу қиынға соғады. Алғашқы белгілерінің қатарына – жоғары температура, бастың қатты ауыруы мен әлсіздік жатады.

Сирек кездесетін инфекцияның негізгі тасымалдаушысы жарқанаттар болып саналады. Инфекция көбінесе бұл жануарлардың ұялары бар үңгірлерге немесе қараусыз қалған шахталарға барғаннан кейін пайда болады.

Адамнан адамға Марбург вирусы ауа тамшылары арқылы, дене секрециясымен және науқаспен немесе ол тиген заттың бетімен физикалық байланыс арқылы жұғады.

Әзірге «жалғыз науқас» жұқтырған жан бар ма ол әлі белгісіз. Әр жексенбі сайын Гукедада үлкен базардың болуы бұл тәуекелді күшейтіп тұр.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы дүйсенбіде қауіптің деңгейін Батыс Африка үшін жоғары, ал қалған әлем үшін төмен деп бағалады.

Мазасыз жаңалық ұйым ақпаннан бері 12 адамның өмірін жалмаған Эбола безгегінің Гвинеяда тағы бір таралуы аяқталғанын жариялағаннан кейін, екі ай өткен соң қайта айналып келді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Африка бойынша аймақтық директоры Мачидисо Моети: «Марбург вирусының таралу потенциалы оны ерте тоқтатуды қажет етеді» ,- деді.

«Біз гвинеялық дәрігерлердің жоғары дайындығы мен жылдам реакциясын құптаймыз. Біз олармен таралу түрі бір Эбола безгегімен күресу тәжірибесіне сүйене отырып жұмыс жасаймыз» ,- деп қосып өтті ол.

ДДҰ-ның он эпидемиологы қазірдің өзінде Гвинея аймағында. Марқұмның үш отбасы мүшесі мен оның дәрігері үнемі бақылауда. Басқа қарым-қатынаста болған жандар іздестірілуде.

Марбург ауруына қарсы вакцина әлі ойлап табылған жоқ.