Ясауи университетінде Ақпараттық хаб құру ұсынылды

0
27 Қараша 2018, 11:00 235 0

Астана, BAQ.KZ. Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің базасында Ақпараттық хаб құрылуы мүмкін. Бұл туралы Түркістан қаласында ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ұйымдастыруымен өткен II халықаралық журналистика форумы аясында айтылды.

Түркі әлемінің мәдени және рухани орталығы атанған Түркістан қаласында журналистика саласының майталмандары бас қосып, саланың өзекті мәселелері төңірегінде сөз қозғап, салалық білім берудің жаңа модельдері мен жаңа медианың шексіз мүмкіндіктерін талқылады.

Форум «Нарыққа бағытталған білім беру бағдарламалары: академиялық ортадағы жаңа тәсілдер» тақырыбында өткен баспасөз мәслихатымен басталды.

«Бұл өте маңызды кездесу, мұнда біз бәрімізге ортақ медиа үрдістердің өзекті мәселелерін көтеріп, ашық талқылаймыз. Медиа нарығы күтіп отырған журналистерді дайындау сапасы да бүз үшін өте маңызды. Ясауи университетінің базасында техникалық және зияткерлік ресурстарды тарта отырып, жабдықталған, заманауи, қуатты ақпараттық хаб құру мүмкін және қажет деп санаймын. Бұл БАҚ, жоғары оқу орындары, халыққа арналған жоғары сапалы контентті ұсынатын қуатты ақпараттық-талдау орталығы болар еді», — деді Білім және ғылым министрінің кеңесшісі Майраш Тайкенова.

Форум Журналистика кафедрасы оқытушыларының біліктілігін арттыру, ынталандыру мен белсенділігін күшейтуге бағытталған баяндамалармен жалғасты.

Пленаралық мәжілісте сөз алған делегация өкілдерінің баяндамаларынан кейін білімгерлер мен оқытушылар тарапынан көкейтесті сұрақтар қойылды. Жиын соңы қызу пікір-таласқа ұласып, қазіргі журналистикадағы сөз еркіндігі мен ой еркіндігі мәселелері талқыланды.

Түбі бір түркі тілдес және түркі тектес халықтардың журналистика саласы мамандарының, оқытушылары мен студенттерінің басын қосқан форумның екінші күні Түркістан облысының киелі жерлері – Арыстан Баб пен Қожа Ахмет Ясауи кесенелеріне, Отырар төбе мен Сауран қалашығына бару мүмкіндігін ұсынған турмен жалғасты. Оған Қазақстан мамандарымен қоса, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркия елдерінен келген мамандар мен студенттер де қатысты.


















Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!


Дереккөз: BAQ.KZ