Израиль армиясы Ливанның оңтүстігінде «Хезболлаға» қарсы құрлық операциясын бастады
Израиль армиясы дүйсенбі күні Ливанның оңтүстігінде орналасқан шекаралық аудандардағы ливандық «Хезболла» тобының нысандарына «шектелген операция» бастағанын хабарлады, деп жазады BBC News.
«Бірнеше сағат бұрын ЦАХАЛ Ливанның оңтүстігіндегі «Хезболланың» лаңкестік орындары мен инфрақұрылымына қарсы нақты барлау ақпаратына негізделген шектеулі және мақсатты жерүсті рейдтерін бастады. Бұл нысандар шекараға жақын ауылдарда орналасқан және Израильдің солтүстігіндегі израильдік қауымдастықтарға тікелей қауіп төндіреді», — делінген ЦАХАЛ мәлімдемесінде.
Дүйсенбі күні Израиль үнемі «Хезболла» содырларының атқылауына ұшырайтын елдің солтүстік аймақтарын қорғау үшін Ливан шекарасында құрлықтағы операцияға дайындалып жатқаны туралы хабар тарады.
Дүйсенбі күні кешке Израильде әскери министрлер кабинетінің отырысы өтті. Израильдік БАҚ-тың хабарлауынша онда Хезболлаға қарсы операцияның келесі кезеңі бекітілді. АҚШ Мемлекеттік департаментінің баспасөз хатшысы Мэттью Миллер брифингте Израиль билігі Вашингтонды «бірқатар операциялар» жасалатыны туралы соның ішінде Ливандағы жерүсті операциялары туралы хабардар еткенін айтты.
Дүйсенбі күні Йоав Галант Ливан шекарасына жақын жиналған әскерлерге қарата сөйлеген сөзінде:
«(Хасан) Насралланы жою маңызды қадам, бірақ соңғы емес. Солтүстік тұрғындарын аман-есен үйлеріне қайтару үшін біз сіздерді қоса алғанда, барлық мүмкіндігімізді пайдаланамыз», — деді.
Дүйсенбі күні кешке ИСД Израильдің Ливанмен шекарасындағы аумақты кіруге тыйым салынған жабық әскери аймақ деп жариялады. Бұл аймақ шекарадағы салыстырмалы түрде шағын жер, яғни ол үш жағынан Ливан территориясымен қоршалған.
«Хезболла» жетекшісінің орынбасары Наим Кассем бұл топтың Израиль шабуылына дайын екенін айтты. Ол ұйымның басшысы Хасан Насралла мен бірқатар жоғары лауазымды қолбасшыyың қазасы топ үшін күшті соққы болғанын мойындады, бірақ оның әскери мүмкіндіктері өзгеріссіз қалғанын атап өтті.