Қарағандыдағы оқиға: іздеу салынған күдікті Ресейде ұсталды
Қарағандыда бұзақылық пен кісі өлтіру дерегі бойынша күдікті деп танылғандардың бірі – Армения азаматы Нарек Гурурян ұсталды. Бұл туралы Tengrinews.kz ҚР Ішкі істер министрлігінің ішкі және сыртқы коммуникациялар департаментінің директоры Алмас Садубаевқа сілтеме жасап хабарлады.
Бүгін Қазақстанның Ішкі істер министрлігінің криминалдық полиция қызметкерлері Ресейдің құқық қорғау органдарымен өзара әрекеттесе отырып, Омбы облысының аумағынан 1 қаңтарға қараған түні Қарағандыда бұзақылық әрекеттер жасауға және кісі өлтіруге күдікті – Армения Республикасының азаматы Нарек Гурурянды ұстады, – деді Алмас Садубаев.
ІІМ-нің ресми өкілінің хабарлауынша, қазір оны Қазақстанға экстрадициялау мәселесі шешіліп жатыр.
Нарек Гурурян 1997 жылы туған. Оған 2018 жылдың 3 қаңтары күні халықаралық іздеу салынды. Полицияның мәліметінше, күдікті Қазақстан мен Ресей арасындағы шекарадан 1 қаңтар күні сағат 22.00-ден соң өткен.
Еске салайық, Жаңа жыл түні Қарағандыдағы мейрамханалардың бірінде жаппай төбелес салдарынан 23 жастағы жігіт қайтыс болған еді. 24-27 жас аралығындағы тағы үш жігіт ауруханаға түскен. Кейін олардың екеуінің үйлеріне қайтарылғаны белгілі болды. ҚР Ішкі істер министрлігі жаппай төбелестің тұрмыстық жанжал екенін мәлімдеді.
6 қаңтар күні Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов қайтыс болған жігіттің туыстарымен кездесіп, оқиғаға кінәлілердің тиісті жазасын алатынын айтты.
ҚР Ішкі істер министрлігі Қарағандыда болған төбелеске қатысушылардың бірі – Нарек Гурурянға полицияға өз еркімен келуге кеңес берді. Полицияның мәліметінше, Қарағандыда бұзақылық жасады және кісі өлтірді деген күдікпен сегіз адам ұсталып, қамауға алынған. Нарек Гурурян интернет арқылы үндеу жасап, ешкімді өлтірмегенін айтты.
Қоғамдық резонанс туғызған бұл оқиға жөнінде Арменияның Қазақстандағы елшілігі және Арменияның Сыртқы істер министрлігі пікір білдірді.
Дереккөз: Baribar.kz