Италияда апатқа ұшыраған қазақстандықтардың екеуі ауруханада жатыр – СІМ
Қысқа сілтеме алу
Қазақстандық дипломаттар дәрігерлердің диагнозын күтіп отыр, зардап шеккендердің туыстарымен байланыс орнатқан
НҰР-СҰЛТАН, 23 мамыр – Sputnik. Сыртқы істер министрлігінің өкілдері Италияда автобус апатынан зардап шеккендердің жағдайы туралы мәлімет берді.
«Қазіргі уақытта түрлі жарақат алған 2 қазақстандық әйел ауруханада жатыр – олардың омыртқасы, қабырғасы мен бұғана сүйегі сынған. Біз италиялық дәрігерлердің соңғы диагнозын күтіп отырмыз, соған сәйкес әрі қарай тиісті шаралар қабылданады», — деп хабарлады СІМ.
Бұған дейін бес қазақстандық ауруханаға түскені хабарланған болатын. Қазір 7 турист қонақ үйге орналастырылды. Олар экскурсиясын жалғастыруы мүмкін. Қазақстандық туристердің барлығының медициналық сақтандыруы бар.
Италияда ірі жол апатынан 9 қазақстандық зардап шекті
Қазақстандық консул жарақат алған отандастарымыздың жанында және медицина қызметкерлерімен, жергілікті полициямен келіссөздер жасауға қажетті көмек көрсетуде. Жақын арада жарақат алғандардың туыстары Италияға ұшып келеді.
Италияның құқық қорғау органдарының мәліметінше, автобус жүргізушісі қамауға алынып, апатқа байланысты тергеу жүргізіліп жатыр.
sputniknews.kz