Италия мен Иранда коронавирус жұқтырғандар саны көбейіп барады

0

Италия солтүстігінде коронавирус жұқтырған екі адам көз жұмды. Вирус таралмауы үшін кейбір қалаларда дүкендер мен мектептер жабылды.

22 ақпанда Кодоньо қаласы маңындағы Ломбардия елді мекенінде 75 жастағы әйел қайтыс болды. Бір күн бұрын көрші Венеция облысында 78 жастағы тұрғын көз жұмған. Екеуінің де өліміне коронавирус себеп болған.

Италия премьер-министрі Джузеппе Конте көз жұмғандардың туыстарына көңіл айтып, вируспен күрес мәселесін талқылау үшін үкіметтің шұғыл отырысын жинады.

Италия солтүстігіндегі он шақты қалада тұратын 50 мыңнан астам тұрғынға жергілік билік үйден шықпауға кеңес берді. Соңғы дерек бойынша, Италияда коронавирусты жұқтырғандар саны 79-ға жеткен.

Иранда коронавирустан алты адам көз жұмды. Мұнда 5 провинцияда тұратын 28 адамнан қауіпті вирус табылған.

Иранның денсаулық сақтау министрлігі соңғы тіркелген он оқиғаның екеуі — Тегеранда, сегізі Кум қаласында болғанын айтты. Жергілікті билік уақытша діни шараларға тыйым салды.

Иранның денсаулық сақтау министрлігінің өкілі вирус Қытайға үнемі барып-келіп жүретін Кумдағы қытайлық жұмысшыдан жұққан болуы мүмкін деп топшылайды. Қытайлық жұмысшылар Кум қаласында күн сәулесімен істейтін электр станциясын салып жатыр.

Иранмен көрші мемлекеттер сақтық шарасына көшті. Сауд Арабиясы коронавирустың таралуына байланысты азаматтарына Иранға баруына тыйым салды.

Қытай билігі коронавирустан көз жұмғандар саны мен вирусты жұқтыру оқиғасы азайғанын хабарлады. 23 ақпан күнгі дерек бойынша, мұнда 76 936 адамнан вирус табылған. Көз жұмғандар саны 2442-ге жетті. 22 888 адам айыққан.

Azattyq