«Испан тұмауы пандемиясы болмаған, адамдар вакцинациядан өлген»

0

Қазақстандық әлеуметтік желі қолданушылары 1918 жылы «испан тұмауы» пандемиясының болғанын жоққа шығарып, адамдар «Рокфеллер вакцинасынан» туындаған бактериялық пневмониядан қайтыс болған делінген роликпен бөлісуде. Бұл жалған, деп жазды stopfake басылымы.

Бұл фейк бірнеше жылдан бері әр түрлі нұсқада таралуда. Бұл жолы белгісіз авторлар ақ-қара кино кадрлары мен қорқынышты музыка қолданып, видео жасаған. Бұл әдістер ақпаратты қабылдауға әсер ететіндіктен манипуляция болып саналады.
3 минуттық видеодағы кейбір тезистерді қарастырайық.
Кадр сыртындағы дауыс испан тұмауы індеті болмағанын және АҚШ әскери қызметкерлеріне вакциналарды сынау жаппай өлімге әкелгенін айтады.
«…Мәйіттерді тексеру адамдардың Рокфеллер вакцинасынан туындаған бактериялық пневмониядан қайтыс болғанын көрсетті», – делінген видеода.
Іс жүзінде испан тұмауы H1N1 вирусынан  шыққан. Оның ерекшелігі – өлім-жітімнің жоғары болуы, әсіресе 20-40 жастағы азаматтар арасында. Әлем бойынша кем дегенде 50 миллион адам вирустан көз жұмған.

Бұл пандемия кезінде адамдардың вакцинадан қайтыс болуы мүмкін емес, себебі тұмауға қарсы вакцина болмаған. Оны жиырма жыл өткен соң, 1940 жылы ғана әзірлеп шығады.
«Тұмау инфекцияларынан қорғайтын вакцина және тұмау инфекцияларымен байланысты болуы ықтимал қайталама бактериялық инфекцияларды емдеуге арналған антибиотиктер болмаған кезде, әлемде індетпен күресу әрекеттері оқшаулау, карантин, жеке гигиена ережелерін сақтау, дезинфекциялық заттарды қолдану және көпшілік жиналыстарды шектеу сияқты фармацевтикалық емес араласулармен шектелді, бірақ олар бірқалыпты қолданылмаған», – делінген америкалық аурулардың алдын алу және бақылау орталығының сайтында.
Видеороликтегі тағы бір тезис: «Әскери қызметкерлердің әрқайсысына 14-тен 35-ке дейін вакцина, оның ішінде менингитке қарсы бактериалды вакцина егілген», – дейді кадр сыртындағы дауыс көрермендерге.
Бұл ақпараттың шын болуы екіталай. 1918 жылы тек шешек, құтыру, іш сүзегі, тырысқақ және оба ауруларына қарсы вакциналар ғана болған.
Тағы бір тұжырымға тоқталайық: «Америкалық зерттеуші Элеонор Макбин тұмаудан тек вакцина алғандар ғана зардап шеккенін дәлелдеді».
Бұл Элеонор Макбиннің 1957 жылғы кітабынан алынған дәйексөз, онда автор бұған дейін шешек ауруына қарсы екпе жасатқандар «испан» тұмауына шалдыққан деп жазады. Шын мәнінде, кітапта тек екпе жасатқандардың ғана індетті жұқтырғанына ешқандай дәлелдер жоқ.
«…Шешек ауруына қарсы алғашқы вакцина 100 жылдан астам уақыттан кейін 1796 жылы әзірленгеніне қарамастан, ол ауруды толығымен бақылау үшін кеңінен қолданылмаған», – делінген америкалық аурулардың алдын алу және бақылау орталығының сайтында.
Тағы бір дәйексөз:
«Грекия және вакцинация жүргізбеген тағы бірнеше мемлекет тұмаудан зардап шекпеген».
Бұл да өтірік. 1918-1919 жылдардағы испан тұмауы пандемиясының екінші толқыны Антарктидадан басқа барлық құрлықтарды, соның ішінде Грекияны да қамтыды.
Испан тұмауы туралы фейктерді әр түрлі елдердің фактчекерлері мен БАҚ-тары жоққа шығарған болатын.