«Ислам мемлекеті» тобының лидеріне ұқсайтын адамның видеосы жарияланды

0

Жиһадшылармен байланысы бар Al-Furqan Media дүйсенбі күні, 29 сәуірде бірнеше елде тыйым салынған, өздерін «Ислам мемлекеті» атайтын террористік ұйым лидері Абу Бакр әл-Бағдадиге ұқсайтын адамның үндеуін жариялады. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.

Қашан және қайда түсірілгені белгісіз видеода әл-Бағдадиге ұқсайтын адам Шри-Ланкада бір апта бұрын болған терактілер мен Сириядағы соңғы жағдай туралы айтады.

Ол «Ислам мемлекеті өз содырларын түрмеге жапқандар мен өлтіргендерден кек алатынын» айтады. 250-ден аса адам қаза тапқан «Шри-Ланкадағы жарылыстар – Багуз қаласын алып қойғандарда кеткен өшімнің өтеуі» дейді ол. Багуз — «Ислам мемлекетінің» Сирия аумағында бақылауда ұстап отырған соңғы территориясы еді. 21 наурызда АҚШ Багуз қаласын алу операциясы сәтті аяқталғанын хабарлаған.

Видеода лидерлерін тыңдап отырған бетін бүркемелеген содырлар да көрінеді.

Әлеуметтік желіде террористер белсенділігін бақылайтын SITE Intelligence Group порталының жазуынша, он сегіз минуттық бұл видео – «Ислам мемлекетінің» лидеріне ұқсайтын адам түскен соңғы бес жылдағы бірінші видео.

2014 жылы Ирак мешіттерінің бірінде отырған әл-Бағдадидің видеосы тарап кеткен соң БАҚ оның қаза тапқанын бірнеше рет хабарлаған. Бірақ ақпарат расталмаған.

АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі 29 сәуірде «Ислам мемлекетіне» қарсы құрылған АҚШ бастаған халықаралық коалицияның «террористік топпен күресуді жалғастыратынын, тірі қалған лидерлерінің жазадан жалтарып кете алмайтынын» айтты. Видеоның рас-өтірігіне қатысты Вашингтон ештеңе деген жоқ.

«Ислам мемлекеті» — 2012 жылдары Сирия мен Ирак аумағында құрылған ұйым. БҰҰ мен әлем елдері бұл ұйымды террористік топ деп танылған. Олар Ирак пен Сирия аумағында шариғат заңымен өмір сүретін мемлекет құруды көздеген. 2013 жылдары Сирия мен Ирактың біраз аумағын басып алған. ИМ қысымынан кейін екі елден миллиондаған адам босып кеткен. Орталық Азия елдерінен ИМ қатарына қосылу үшін жүздеген адам Сирия мен Иракқа барған. Ұйым Еуропа және Азияда болған бірнеше терактіні өз мойындарына алған.

2018 жылы АҚШ президенті Дональд Трамп ИМ тобының күйрегенін мәлімдеген.

Azattyq