ІСКЕРЛІК ОРТАЛЫҚТЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ | «Айқын» газеті
Түркістан қаласындағы әкімшілік-іскерлік орталығында ауданы 50 мың шаршы метрді құрайтын іскерлік орталықтың алғашқы іргетасы қаланды. Жиынға жергілікті түркістандық тұрғындар қатысып, ақсақалдар ақ батасын берді.
Заманауи талаппен салынатын ғимараттың капсуласын салған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев осынау тарихи сәттің маңыздылығына тоқталып, болашақ орталықтың жоспарымен бөлісті.
– Ауданы 50 мың шаршы метрді қамтитын ғимарат 4 қабаттан тұрады. Мұнда заманауи тиімді кеңселер, су мен энергияны тиімді пайдалану жүйесі қарастырылған. Яғни, іскерлік орталық автоматтандырылған «ақылды ғимарат» қағидасымен жобалан-
ған», – деді облыс әкімі Ж. Түймебаев.
Айта кету керек, аталған құрылысты BI group ЖШС өз қаражаты есебінен жүргізуді ұсынып отыр. Алғашқы іргетасы
2019 жылдың қаңтар айынан бастап қаланатын орталықтың жоспар бойынша аяқталуы 2020 жылдың наурыз айына тура келеді деп үтілуде.
Естеріңізге сала кетейік, Президенттің қатысуымен 2018 жылғы 29 қыркүйекте өткен кеңесте Нұрсұлтан Әбішұлы Түркістан қаласында салынатын бірқатар нысанның құрылысын бизнес өкілдерінің өз қаражаты есебінен жүргізу жөнінде тапсырма берген болатын. Сол бойынша өңірлер мен ұлттық компаниялар, ірі құрылыс компаниялары, бизнес өкілдері және шетелдік инвесторлар тарапынан бірқатар құрылыс нысандарын іске асыруға ұсыныстар енгізіліп, қолдау тапқан болатын. Солардың бірі – құрылысы басталғалы отырған демеушісі BI group ЖШС-і болған іскерлік орталық ғимараты.
Тельман бейсен, Түркістан облысы