Исимбаева Маминнің тағайындалуы жайлы: Басқалай болуы мүмкін емес

0

Саясат

Қысқа сілтеме алу

15 0 0

Асқар Мамин үкіметтің жаңа басшысы болып тағайындалды

АСТАНА, 25 ақпан – Sputnik. Мәжіліс төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева Асқар Маминнің премьер-министр болып тағайындалуына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Ол Асқар Мамин үлкен кәсіби еңбек жолынан өткен адам ретінде  депутаттық корпусқа ғана емес, елдегі біраз азаматқа жақсы таныс екенін атап өтті.

«Еңбек жолын қатардағы өндіріс қызметкерінен бастап бірінші вице-министрге дейін көтерілді. Өңірлердегі проблемаларды өте жақсы біледі, қиын кезеңде Астана әкімі болды, министр лауазымын да атқарды. Сондықтан президент қойған міндеттерді іске асыру Асқар Ұзақбайұлының қолынан келеді деп сенеміз», — деді Исимбаева мәжілістің жалпы отырысынан кейін.

Айтуынша, отырысқа қатысқан 106 депутаттың барлығы Маминнің кандидатурасын бірауыздан қолдаған.

«Басқалай болуы мүмкін емес еді», — деді мәжіліс спикерінің орынбасары. 

Айта кетсек, бүгін президент мәжілістің жалпы отырысына қатысып, төменгі палата депутаттарының қарауына премьер-министр лауазымына Асқар Маминнің кандидатурасын ұсынды. Мәжіліс аталған кандидатураны мақұлдады. Артынша Назарбаев Асқар Маминді премьер-министр қызметіне тағайындау туралы жарлыққа қол қойды.



sputniknews.kz