«Ішкі органдарын алып қойған»: Алматыда дәрігерлер коронавирустан көз жұмған түркістандық азаматтың өлімін туыстарынан жасырған — Қазақстан жаңалықтары

0

Алматы коронавирустан көз жұмған науқастың туыстары оның Covid-19 жұқтырғанына сенбейді. Олар дәрігерлер бауырымыздың өлімін жасырып, ішкі органдарын алып қойған деп болжам жасап отыр.  Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның «Информбюро» жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

коронавирус

Коронавирус жұқтырып қайтыс болған адамдардың бірі — түркістандық Болат Стамбеков. Бірақ, Алматыда ауруханада көз жұмған азаматтың туыстары оның коронавируспен ауырғанына сенбейді. Себебі дәрігерлердің «науқаста COVID-19 белгісі жоқ, «полисегментарлы пневмония» дегендерін өз құлағымызбен естідік дейді. Ең таңқаларлығы, аурухана науқастың қайтыс болғанын жасырып, мәйітті жерлеуге әкетпек сәтте өздері кездейсоқ біліп қалғандарын айтады. Құпия жерлеудің артында мәйіттің ішкі органдарын ұрлап алу жатуы мүмкін, деп топшылайды туыстары.

«Айтылмайды ол. Мүмкін солардан кесіп алған шығар. Менің бауырымның органдарын кесіп алған шығар», — деді марқұмның ағасы Қайрат Стамбеков. 

55 жасында көз жұмған Болат Стамбековтың туыстары оның 16 мамырда Алматыға келіп дәрігерлерден онлайн ем ала бастағанын мәлімдеді. Алайда, қан қысымы көтерілген соң №1 клиникалық ауруханаға жеткізілген. Алғашқы тесте коронавирус жұқтырмағаны белгілі болған, бірақ сол жерде тексерістен кейін 1 тәуліктен соң науқас жұмған. 

Марқұмның жақындарының сөзінше, дәрігерлер Болат Стамбековтің қайтыс болғанын айтпаған, өздері кездейсоқ білген.

«Күдікті болып тұрған нәрселер: маған ешқандай ПТР-анализ көрсеткен жоқ, денесін көрсеткен жоқ. Тым болмағанда видео-материал көрсетсе болар еді, «міне, денесі кесілген жоқ, ешжері алынған жоқ», деп. Маған күдікті болып тұрған нәрсе сол. Маған мүрдені бермеді», — деді Қайрат Стамбеков.

Марқұмды Қараойдағы арнайы зиратта жерлепті. Көз жұмғаны туралы куәлікте екінші диагноз әрі өлімге себеп ретінде Covid-19 қойылғанын білгенде туыстары таң қалған.

«Әйтеуір, жаназасын шығардық. Бірақ денесін Сарыағашқа алып кете алмадық», — деп налып отыр марқұмның бауырлары.

Ал Алматының эпидемолог мамандары Covid талдауының нәтижесін беретін ұйымдар Болат Тастамбековке қатысты зерттеу болмағанын растады, дейді олар. Тиісінше, науқас коронавирустан қаза таппаған деп отыр.

«Әкімбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығы бөлім бастығы хабарласып айтты: «Жоқ, бүкіл базаны қарадық, бізде жоқ, ол бізде түспеген». Лаборатория өзі растады, ондай материал болған жоқ», — деді Алматы қаласы көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Әсел Қалықова. 

Марқұмның туыстары дәрігерлердің Болат Стамбековде коронавирус 90 пайыз жоқ дегенін өз құлақтарымен естіпті. Оның тек бетін көрсетіп, денесін көрсетпегені үшін осындай күдік пайда болды, дейді Стамбековтар отбасы.

stan.kz