Ішкі істер министрлігі екінші ұшқыштың өліміне қатысты түсініктеме берді
Қысқа сілтеме алу
28 қаңтар күні апатқа ұшыраған Bek Air ұшағының екінші пилоты Мейіржан Молдақұлов үйінде қайтыс болды
НҰР-СҰЛТАН, 29 қаңтар – Sputnik. Бек Эйр-дің құлаған ұшағының екінші ұшқышы неден көз жұмғанын сот-медициналық сараптама анықтайды. Бұл туралы ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
«Адам өлімінің кез келген фактісі бойынша қажетті сот-медициналық сараптама тағайындалады. Алдын ала мәлімет бойынша, ұшқыштың өліміне әуе апатынан алған жарақаты немесе басқа да криминалды фактілер себеп болмаған. Мәселе оның денсаулығында шығар, бәлкім. Бірақ мұның бәрін сот-медициналық сараптама нақты көрсетеді», — деді Қожаев мәжіліс кулуарында.
Ол сот-медициналық сараптама отыз күн ішінде жүргізілетінін атап өтті.
Сонымен қатар, Қожаев Бек Эйр ұшағының құлауына қатысты тергеу жүріп жатқанын айтты.
«Ондай істер ешқашан тез бітпейді. Кәдімгі жол-көлік оқиғасы да бір-екі, үш айға созылып кетеді. Ал ұшақ құлағанда, одан да қиын. Қазір сараптамалар жүргізіліп жатыр. Халықаралық авиация комиссиясының мамандары сол сараптамаларды қарап, бізге беруі керек», — деді министр орынбасары.
28 қаңтарда апатқа ұшыраған Bek Air ұшағының екінші пилоты Мейіржан Молдақұлов үйінде қайтыс болды.
Апаттан зардап шеккен ұшқыш 21 қаңтарда ауруханадан шығарылған.
Мейіржан Молдақұлов ұшақ апаты кезінде ауыр жарақат алған. Сол кезде ол Алматы қаласының №4 клиникалық ауруханасына жеткізілген. Оған бірнеше ота жасалды, омыртқасына да операция істелді.
Бесінші қаңтарда Молдақұлов отадан кейін есін жиды. Сөйтіп, салалық бөлімшеге ауыстырылды.
Молдақұлов 1965 жылы 4 мамырда дүниеге келген.
Алматы түбіндегі ұшақ апаты
Ұшақ апаты 2019 жылдың 27 желтоқсанында таңғы сағат жетіде болды. Bek Air әуе компаниясының «Алматы – Нұр-Сұлтан» бағытындағы Fokker 100 ұшағы Алматы маңына құлады.
Ұшақта 93 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Апат 12 адамның өмірін қиды, қаза болғандардың ішінде ұшақ командирі бар. Екінші пилот жансақтау бөліміне түскен.
Президент тапсырмасымен премьер-министр жетекшілік ететін комиссия құрылды. Тоқаев апаттың себебін анықтап, кінәлілерді қатаң жазалауды тапсырды. 28 желтоқсан елімізде жалпыұлттық аза тұту күні болды.
sputniknews.kz