Ішкі істер министрі «журналистерден қашпайтынын» айтты

0
101

12 ақпанда қызметіне кіріскен ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Астанада өткен жиында журналистер сұрағына жауап беріп жатып, «Сіздерден (журналистерді айтады – ред.) ешқайда қашпаймын, дос боламын» деді.

Тұрғымбаевтан бұрын ішкі істер министрі болған Қалмұханбет Қасымов журналистер сұрағына жауап бермей, елемей кеткен кездері жиі болған.

Оқи отырыңыз: Қасымов кетті ме, әлде қалды ма?

Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин өткен аптада уақытша баспанада тұруға тыйым салуды ұсынған. Бұл ұсыныс Астанада бес бала қаза тапқан өрттен соң айтылды.

Тұрғымбаевтың сөзінше, Қазақстанда өрт қауіпсіздігі талаптарына сай келмейтін уақытша баспана көп.

«Неге екені белгісіз, үнемі мемлекет пен мемлекеттік органдарды кінәлайды. Иә, расымен, біз – өрт қауіпсіздігі ережелерін бақылайтын органбыз. Бірақ өз балаларың мен үйіңнің қауіпсіздігіне, қалай жылытып, қандай отын жағатынына, үйде бірдеңе болса азаматтардың өзі жауап беруі керек» деді министр.

Өткен аптада сегіз жылға жуық Қазақстан ішкі істер министрі болған Қалмұханбет Қасымов – президент кеңесшісі және Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы, ал оның орынбасары болған Ерлан Тұрғымбаев министр қызметіне тағайындалған.

Ерлан Тұрғымбаев Қасымовпен көп жыл бірге істеген. Соңғы жеті жыл бойы Тұрғымбаев Қасымовтың орынбасары болды. 1990 мен 2000 жылдардың басында Қасымов Алматыда ішкі істер басқармасының басшысы болып тұрғанда Тұрғымбаев үш жыл – 1998-2000 жылдары оның орынбасары болған.

Азаттық