Ішкі істер министрі заңсыз митингілер кезінде қанша адам ұсталғанын айтты
Қысқа сілтеме алу
Өткен демалыс күндері елдің бірнеше қаласында заңсыз митингілер өткен болатын. Ішкі істер министрі жүзге жуық адамның ұсталғанын айтты
НҰР-СҰЛТАН, 23 қыркүйек – Sputnik. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев бірнеше қалада өткен митинг кезінде 100 адамның ұсталғанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
«Бас прокуратура заңсыз митингілер бойынша алдын ала ескерту жасаған болатын. Біз де хабарлама таратқанбыз. Осыған байланысты 21 қыркүйекте тиісті жерлерге полиция нарядтары қойылып, профилактикалық шаралар жүргізілді. Сол күні республика бойынша ішкі істер органдарына шамамен 100 адам жеткізілді», — деді Тұрғымбаев журналистерге берген сұқбатында.
Министрдің айтуынша, 15 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде тоғыз адам қамауға алынды. Тағы алты адамға айыппұл салынды. Ал өзгелермен түсіндірме жұмыстары жүргізілгеннен кейін бәрін үйлеріне босатты.
Ерлан Тұрғымбаев 21 қыркүйекте елордада өткен митинг кезінде «жасөспірім» қыздың ұсталуына қатысты да түсініктеме берді. Бұған дейін әлеуметтік желілерде кәмелетке толмаған қыздың ұсталғаны туралы ақпарат таратқан болатын.
«Жалпы, республика бойынша 7-8 қалада заңсыз митингілер өтті. Сосын кәмелеттік жасқа толмаған қызды ұстау бойынша айтатыным, ол 2000 жылы туған, оның кім екені анықталды. 19 жастағы қыз полиция жүрген жерде болды, құқық қорғаушылардың айтқанына бағынбады. Ал екі баласы бар келіншек — сол қыздың анасы. Ол бір қызын жоғалтып алды да, тәртіп сақшыларынан көмек сұрады. Оны тапты. Анасына тапсырды», — деді Тұрғымбаев.
Тағы оқыңыз: Митингіде полицейлерге гүл сыйлаған қыздың анасы мән-жайды түсіндірді
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев демалыс күндері болған митингілер кезінде журналист қыздың ұсталғанын да айтып өтті.
«Журналист митинг болған жерде капюшон киіп алып жүрді. Сөйтіп, бәрін ұялы телефонға түсірді. Тәртіп сақшылары барлығын үйге тарауға үндегенде журналист ешқайда кетпей, сол жерде жүрді. Оны ұстау кезінде арнайы жилеті пен аккредитациялық картасы болған жоқ», — деді Тұрғымбаев журналистерге.
Министрдің айтуынша, журналист автобустың ішінде ғана арнайы жилет пен аккредитациясын көрсеткен. Полицейлер соның бәрін видеоға түсіріп алды.
«Бұл — тағы бір араңдатушылық әрекет. Сондықтан барлық журналистерден полиция жүрген жерде аккредитациялық карта мен «пресса» деген жазуы бар жилет киіп жүруді сұраймын. Біз ол журналистке ескерту жасап, босаттық. Әкімшілік жазаға тартылған жоқ», — деді Тұрғымбаев.
sputniknews.kz