ішкі істер министрі қанша адамның ұсталғанын айтты

0

29 маусым күні Теңіз елді мекеніндегі мыңға жуық жұмысшысы ереуілге шығып, арты төбелеске ұласқан болатын. Жарақат салу және бұзақылық фактісі бойынша бірнеше қылмыстық іс қозғалды

НҰР-СҰЛТАН, 3 шілде – Sputnik. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Теңіз кен орнында болған төбелеске қатысты кімнің жауапқа тартылғанын айтып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Негізі, ол жерде адамға жарақат салу және бұзақылық бойынша бірнеше қылмыстық іс қозғалған болатын. Әрбір қылмыс бойынша қатысушылар бар. Сол себепті қазір негізгі бір адам ұсталып отыр. Бұдан бөлек, тағы бірнеше күдікті бар. Оларға қатысты тергеу шаралары жүргізіліп жатыр», — деді Тұрғымбаев журналистерге берген сұқбатында.

Министрдің айтуынша, қылмыстық істің сипаты әрбір адамның төбелеске қатысуына қарай анықталады. Ал «жауапқа тартылатын адамдардың ішінде тек қазақстандықтар ғана бола ма?» деген сұраққа министр қысқа ғана жауап қайырды.

«Барлығы тергеу кезінде анықталады. Мен оны уақыттан бұрын айта алмаймын», — деді ол. 

Теңіздегі төбелес

Сенбі, 29 маусым күні Теңіздегі 3GI зауытының мыңға жуық жұмысшысы ереуілге шыққан болатын. Бұған әлеуметтік желідегі сурет себеп болған. Фотоға Ливия азаматы Ели Дауд (Eli Daoud) пен қазақ қызы бірге түскен.

Суреттегі көріністі намысқа тиеді деп есептеген жұмысшылар ереуілге шығып, араб қызметкерлерін соққының астына алды.


©
Photo : YouTube / QAZ Trends

Теңіз елді мекенінде болған жағдай

Ал Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев оқиғаға ірі мұнай компаниясында жұмыс істейтін қазақстандықтар мен шетелдіктердің еңбек жағдайының тең еместігі себеп болғанын айтты.

Оқиғадан кейін 45 адам дәрігер көмегіне жүгінген. Жағдай ішкі істер органдарының бақылауына алынды. Бірнеше қылмыстық іс қозғалды.

Consolidated Contracting Engineering & Procurement S.A.L. Offshore (CСЕР) компаниясының логистика жөніндегі бас әкімшісі Эли Дауд пен компания басшысы дау туғызып, ереуілге себеп болған фото үшін қазақстандықтардан кешірім сұрады.



sputniknews.kz