ішкі істер министрі халыққа ескерту жасады 

0

Енді тұрғындар өз үйінен азық-түлік пен дәрі-дәрмек алуға немесе аурухана мен жұмысқа бару үшін ғана шыға алады

НҰР-СҰЛТАН, 31 наурыз – Sputnik. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев карантин шараларын түсіндіру жұмыстарының аяқталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Министр 28 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматыда карантиндік режимнің күшейтілгенін еске салды. Мекемелер мен кәсіпорындардың жұмысы тоқтатылды. Үйден шығуға шектеу қойылды. Көшеде үш адамнан көп жиналуға, сондай-ақ, жасөспірімдерге жалғыз шығуға болмайды. Көліктер қозғалысы шектелді.

«Біріншіден, тек азық-түлік алуға, екіншіден, дәрі-дәрмек алуға немесе ауруханаға баруға, үшіншіден, жұмысқа бару үшін көшеге шығуға болады. Басқа себеппен далаға шығуға қатаң тыйым салынады. Тәртіп бұзғандарға үш күн бойы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бүгіннен бастап ереже бұзғандарға айыппұл салынады. Ал қарсылық танытқандар 15 тәулікке дейін қамауға алынады», – деді Тұрғымбаев бүгінгі онлайн брифингте.

Карантин күшейтілді

Бүгінде Нұр-Сұлтан мен Алматы толығымен карантинге жабылған. Сонымен қатар, Ақтау, Атырау, Ақмола облысы мен Қарағанды облысының бес қаласында (Қарағанды, Абай, Саран, Теміртау және Шахтинск), карантин енгізілді. Ал Маңғыстау облысы мен Шымкент қаласында уақытша шектеулер бар.

Оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтан әкімі қалаға қарапайым адамдарға да кіріп-шығуға болатынын айтты

Бүгіннен бастап Ақтөбе, Қостанай, Жамбыл, Ақмола, Алматы мен Қызылорда облыстары өз шекарасын жапты. Ал ертең Солтүстік Қазақстан мен Павлодар облыстарына кіруге шектеу қойылады.

 



sputniknews.kz