Ішкі істер министрі Денис Тенді қайтыс болғаннан кейін марапаттады
Мәнерлеп сырғанаушы қызмет атқарған Ұлттық гвардияның әскери бөлімінде «Қоғамдық тәртіпті қорғауға қосқан үлесі үшін» медалі берілді.
Фото: Sputnik
01:09 10.11.2018
Қазақстан Республикасы ІІМ бастығы Қалмұханбет Қасымовтың бұйрығымен Денис Тен қайтыс болғаннан кейін медальмен марапатталды. Алматыда Ұлттық гвардияның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының аумағында мәнерлеп сырғанаушының әкесіне «Қоғамдық тәртіпті қорғауға қосқан үлесі үшін» медалі ұсынылды.
2011 жылдан 2012 жылға дейін Денис Алматыдағы Ұлттық гвардияның № 7552 әскери бөлімінде әскери қызметте болған. Сочи олимпиадасына дейін ол «кіші сержант» атағына ие болған, бірақ қола медаль жеңіп алғандығы белгілі болған кезде оны лейтенант атағына дейін көтеру туралы бұйрық шығарған.
«Мен жиналғандарға , басшылыққа , барлығына ұлымды ұмытпағандарыңызға алғысымды айтқым келеді. Денис әрқашан спортпен айналысты, басқаға алаңдамайтын. Бір спорт маусымынан екіншісіне дейін, тіпті жазда дем алмайтын. Өкінішке орай, халықтың махаббатын Денис өлгеннен кейін көрдік. Бүкіл Қазақстан көңіл білдіреді деп те күтпедік» , – деді Юрий Тен.