Ішкі істер министрі Bek Air ұшағы апатының үш нұсқасын атады

0

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, Bek Air әуе компаниясына тиесілі Fokker-100 ұшағының Алматы әуежайына таяу маңдағы апатына үш жайттың бірі себеп болуы мүмкін: Бірінші — экипаждың қатесі, екінші — ұшақтың техникалық ақауы, үшінші — навигация қызметінің жұмысы.

Ішкі істер министрінің үкімет отырысы қарсаңында журналистер сұрағына айтқан бұл пікірін tengrinews.kz ақпарат агенттігі таратты.

Ерлан Тұрғымбаевтың сөзінше «апат орыны әлі де зерттеледі, ұшақ әуежай аумағына жеткізіліп, мұқият тексеріледі».

Ұшақ апатына байланысты осыған ұқсас жауаптар ресми орындар бұған дейін де айтқан.

27 желтоқсанда таңертең Bek Air авиакомпаниясының Fokker-100 ұшағы Алматы әуежайына жақын жерге құлаған еді. Ұшақта 93 жолаушы және экипаждың бес мүшесі болған. 12 адам қаза тауып, ондаған жолаушы ауруханаға түскен.

Қазақстанда 28 желтоқсан жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланған. Сенбі күні кейбір қалада тұрғындар ұшақ апатынан қаза болғандардың рухына дұға оқып, гүл қойды.

Премьер-министр Асқар Мамин апаттан қаза болғандардың отбасына төрт миллион теңгеден (шамамен 10,5 мың доллар) төленетінін айтты. Bek Air компаниясына берілген лицензия уақытша тоқтатылды.

Azattyq