«Ішінің астаң-кестеңін шығарған»: Алматылық тұрғындар соғылған көлігін жөндетеміз деп опық жегенін айтты — Қазақстан жаңалықтары
[ad_1]
Алматылық бір топ тұрғын көліктерін жөндетеміз деп алданып қалған. Көлік жөндеу орталығына темір тұлпарларын кіргізген жүргізушілер ондағылар айлап ештеңе істемей отырғанын айтады. Салдарынан көліктері күн астында шіріп бітетін болыпты. Алып кетейін десе келісімге отырып берген ақшаларын да бермепті.
Қаладағы Машан мен Әшімов көшелерінің қиылысындағы көлік жөндеу орталығының алды қазір қаз-қатар темір тұлпарға толы. Олар үш жарым, алты ай, тіпті бір жылдан бері тұрғанға ұқсайды. Бүгін де көліктерін жөндеуге әкеп бес алты айдан соң қиратып әкеткен бір тұрғын осында келді. Әйтпесе, «Инстаграм» желісінде олардың жарнамасы жер жарып тұр дейді, деп хабарлайды «Еуразия бірінші арнасы«.
15 мыңнан астам оқырманы бар бұл парақшаға елдің бәрі қызығады. Әсіресе, көлік жүргізушілерінің аккаунтты бір қарап шықпаса көңілдері көншімейді. Өйткені, онда темір тұлпардың кез-келгенін сырлап, сынғанын бүтіндеп, түзетуге 100 пайыз кепілдік береді. Жарнамасына алданғандар бәрі өтірік деп отыр. Өйткені, жөндеуге әкелген көліктеріміз жөнделмек түгілі қираудың алдында тұрды дейді.
«Бір айдан кейін келген кезде көлік қалай тұрды, солай шаң басып тұр екен. Қозғалтқышы мен коробкасын шешіп тастаған, далада тұр. Жасалмаған соң, күнде сағат алтыда барып отырдым. Түнгі 12-ге дейін отыратынмын. Күнде солай екі ай уақыт өтті. Екі айда қалай болса солай жасады», — дейді қала тұрғыны Меруерт Шамшет.
Меруерт Шамшет көліктегі қосалқы бөлшектердің бірі де орнында емес дейді. Үш жүз мыңға жуық қаржысының күйіп, уақытының да босқа кеткенін айтады. Ал, Әсел Жартыбаева соғылған темір тұлпарын кіргізіп, басы бәлеге қалған. 230 мың теңгесін маманға санап бергенімен, 1,5 млн. теңгеге қайта жөндеткен. Өйткені…
«Ол маған ақшамның бір тиынын да қайтармады. Мен сотқа бердім. Көлігімді тану мүмкін емес. Ішінің астаң-кестеңін шығарған. Есігінің резеңкесін түсірген. Екі аптада бәрін қатырамыз деп «Инстаграмда» елді алдап жүр. Шындап келгенде, жарты жылдың өзінде түк жасамайды олар», — дейді тұрғындардың бірі Әсел Жартыбаева.
Келіншектерді қайдам, ер азаматтардың өзі алданып жатыр бұл орталыққа. Жұмысына көңілі толмағандар бүгін баса-көктеп кіріп, мамандардың салғырт ісін көздеріне шұқып көрсетті. Тіпті, бірі алдын-ала берілген ақшасының ала алмай жүргенін жайып салды.
Ал көлік орталығының басшысы ақшасын береміз деп сендірді. Әйтсе де, үш айдан бері қайтармай жүргенге ұқсайды. Еш саспай, өзімізге қоқан-лоқы көрсетті, өз ісіне сенімді. Тұрғындар сотқа берсін, сүйрелуге де дайынмын дейді. Тіпті, жұрттың көп сұрағына жауап бермей қуып шықты аумақтан. Бар айтқаны, жүргізушілердің көбі кезегін күтпей шыдамсыздық танытады екен.
«Үш жарым ай деген өтірік әңгіме. Біз екі аптада шығарып жатырмыз», — дейді көлік жөндеу орталығының басшысы Айбол Баққұлиев.
Ал, жұрт күту ештеңе емес, тек сапалы қызмет көрсетілсе үнсіз болар едік дейді. Жиналғандардың бәрі көліктерін қырғын төбелеспен, орталықтан әрең шығарыпты. Талай рет аудандық полицейлерге хабарласқанымызбен, тәртіп сақшыларының өзі алдарында дірілдеп жүреді екен. Ал департамент іс тергеліп жатқанын айтады.
«Көпшілік соттассын, соттаспасын, өздері секілді басқа жүргізушілер алданбаса деген ниеттері бар. Орталық жабылмай тынышталмаймыз деді», — дейді қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.
stan.kz