Ішін жарып тастаған: Жамбыл облысында белгісіз жыртқыш малдарға шабуылдауда

0

Жамбыл облысында жұмбақ жыртқыш малға шабуыл жасап жатыр. Бұл туралы «Еуразия» бірінші арнасы айтты.

Бұл туралы Түрксіб ауылының тұрғындары мәлімдеген.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, алты айдан бері күнде таңертең шаруа қожалығындағы малдар қырылып жатады. Белгісіз жыртқыш түнде малға шабуыл жасайды. Халық оның қандай жануар екенін нақты айта алмай отыр.

«Осыған дейін көптеген қой мен қозыға шабуылдады. Жыртқыш малдың ішін жарып, жеп қояды. Не істерімізді білмейміз» — деп шағымданды халық.

Жыртқыштар түн ортасында Жанар Әбдешованың қойларына шабуыл жасаған. Олар ауладағы қоршаудағы кішкене тесіктен өтіп, 13 қозының ішін тесіп, жеп қойған. Тағы үш қой жарақат алды.

Тағы бір тұрғын жыртқыштың сиырды да жеп қоймақ болғанын айтады.

«Қатты шу естідім де, көшеге жүгіріп шықтым. Тағы да шабуылдап жатыр екен. Мен оны таяқпен қуып жібермек болдым, бірақ аң маған шабуыл жасай жаздады. Қараңғы болатын, нақты қандай жыртқыш екенін көре алмадым», — деп еске алады Күләш Көбеева.

«Мен қатты гүрілден ояндым. Құлын байланып тұрған болатын. Бірақ жыртқыш арқанды жұлып, құлынды сүйреп, ішін жарып жіберді. Біз қатты қорқамыз» — деді Асима Айнабаева.

Мамандар қаңғыбас иттерді аулауға кірісіп те кетті. Бірақ бұл әрекетті иттердің істеуі мүмкін деген ой ақылға қонбайтынын айтады тұрғындар.

«Біз бұларды жабайы иттер деп нақты айта алмаймыз. Ешқандай дәлел жоқ. Біз атқан иттердің терісінде қан іздері жоқ, демек, олар малға шабуыл жасаған жоқ», — дейді Жамбыл облыстық ветеринарлық станция директоры Сәкен Нұржаубаев.

«Мұнда қасқыр жоқ! Біз жануарларға өздерінің немесе көршілердің иттері шабуыл жасайды деп ойлаймыз. Өйткені аулалар қошаумен бөлінбеген», — деді Бесағаш ауылдық округінің әкімі Бейбіт Нығматуллаев.

Әкім адамдар өлген жануарлар үшін өтемақы алмайтынын атап өтті. Алайда ауыл тұрғындары шығындарының өтелгенін қалайды. Оған қоса белгісіз жыртқыш балаларға шабуыл жасауы мүмкін деп қауіптеніп отыр.