«Іс сотқа барды»: желіні шулатқан Сейфуллин Жолбарыс оқиғаның қалай болғанын айтып берді (ВИДЕО)

0

Әнші Сейфуллин Жолбарыс әлеуметтік желіде тараған шулы видеоның қашан түсірілгенін және осы жағдайға байланысты не ойлайтынын айтып берді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Бұл жағдай жақында болды. Карантиннің де әсері болған шығар деп ойлаймын. Мен ұрсып жатқан кезде сол жердегі бір кісі түсіріп алып, желіге салып жіберіпті. Сол арқылы тарап кетті. Ол видеоны көрмеген адам қалмаған шығар», — дейді әнші күліп.

Айтуынша, видеоны желіге салған адам оқиғаның қалай басталғанын жарияламаған.

«Алдымен мен ренжіп қалдым. Ол жерін видеодан алып тастапты. Жүйкем тозғаннан кейін ғана айғайға көштім, — дейді ол.

Алайда екі жақ жанжалға не себеп болғанын айтпауға өзара келіскен.

«Көп адам хабарласып жатыр. Оның ішінде өнердегі аға-апаларым да бар. Бәрі түсініп, өмірде мұндай жағдайлар болатынын айтты. Мен де түсініп тұрмын. Бір нәрсені бүлдірдім деп айта алмаймын. Адамды ренжіткенімді, заңды бұзғанымды білемін және соған заң жүзінде жауап беріп жатырмын», — деді Жолбарыс.

Әншінің айтуынша, іс сотқа жолданған. Алайда соттың шешімі әлі шыққан жоқ.

«Іс сотқа барды. Сот өз шешімін айтады, әкімшілік айыппұл салуы да мүмкін. Себебі ұрып-соққан жоқпын, жай ғана сөз. Біздің заманымызда сөз үшін бір-бірімізді кешірдік деп қоя салатын едік, қазіргі заманда осындай болып кетті. Сол себепті байқап жүріңіздер», — деді Сейфуллин Жолбарыс Sputnik Қазақстанға берген сұхбат барысында.

Сондай-ақ, әнші өзімен жанжалдасып қалған екінші тараптың өте қарапайым адамдар екенін айтты.

«Сот шешімі шыққан жоқ. Сол себепті ештеңе айта алмаймын. Дүкенші жігіт өзіміз сияқты қарапайым азамат. Мен де қарапайым әншімін, шын мәнінде біз де ешкім емеспіз. Болмайтын нәрсе үшін сөзге келіп қалдық», — деп түйіндеді сөзін ол.

Айта кетейік, жақында әлеуметтік желіде әнші Сейфуллин Жолбарыстың дүкенші жігітпен сөзге келіп қалған видеосы тарады. Ол жерде әнші боғауыз сөздер қолданады. Дүкенші жігітті сыртқа шығып, жігітше сөйлесуге шақырған.