Іркілістер де, ізденістер де бар

0
125

Қолда бар деректер бүгінгі таңда облыстағы тұрғындар санының 33 пайызы спортпен айналысатынын айғақтайды. Мұны төмен көрсеткіш деу­ге болмайды. Әйтсе де бұл та­­быс пен мүмкіндік шегі емес екені тағы да аян. Облыс спорт­шыларының соңғы жылдары халықаралық бәсекелер мен сайыстарда жоғары нәти­желерге қол жеткізе алмай жүргенінің басты сыры мен себебі неде? Мүмкін облыс­та жергілікті атқарушы органдар тарапынан спорттың ма­­териалдық-техникалық ба­­засын жетілдіру мен ны­ғай­туға бөлінетін қаражат жеткіліксіз шығар. Жоқ, бұ­лай емес секілді. Өйткені тек соңғы екі жылдың ішінде аймақта 60-тан астам спорт нысаны салынған. Оның ішінде «Жекпе-жек сарайы», «Достық» бассейні және бес бір­дей футбол алаңы бар «Спорт» кешені халықаралық талаптар мен нормаларға толықтай жауап бере алады. Аталған жаңа нысандардың дені мемлекет-жекеменшік әріптестігі шеңбе­рінде іске қосылған.

Мұның сыртында бюджеттен тыс көздер есебінен де қосымша спорт ғимараттары бой көтеріп келеді. Сондай-ақ жат­тықтырушылар мен кәсіби білік­тілігі және шеберлігі жо­­ғары мамандарға қажетті жағдайлар туғызу ісінен де кінәрат таба алмайсыз. Сон­да қалай болғаны? Өңір­де спортты дамытуға жұм­салған шығындардың қайта­рымы неге төмен? Осы орайда облыста бүгінгі күні кәсіби және бұқаралық спорт түрлерін дамыту ісінде жан-жақты әрі жүйелі жұмыстар жүргізілмей келгенін ашық айтуға тура келеді.

Айталық жоғарыда аталған жаңа спорт нысандарында балалар мен жеткіншектердің өздері қалаған секцияларға қатысуына толық жағдайлар туғы­зылған. Тіпті жергілікті билік тарапынан қажетті қаражат та бөлінген. Олардың қаншасы секцияларға қаты­сып жүр, қаншасы қатыс­пай жүр? Спорт саласына же­тек­шілік жасайтын жастар мен спорт мектебінің басшылары бұл мәселеге бастарын ауырта бермейтіні байқалады. Тіпті керек десеңіз спорт мектеп­те­ріндегі жұмыс кесте­сі де толық нақтыланбай жүр­ге­нін қандай қисынға сыйғы­зуға болады.

Аймақта тек соңғы екі жыл­дың ішінде денешынықтыру және спорт басқармасының басшылары үш рет ауысыпты. Басқармаға өткен жы­­лы тағайындалған басшы Мей­рамбек Махамбетов өңір спортының өсіп-өркендеуі үшін өзгеріс әкеле ала ма? Бұл сауалға қазіргі күні ке­сіп-пішіп жауап қайтару ертерек секілді. Алай­да оның өңір спортының көк­жиегін кеңейту ісіндегі алғашқы қадам­дары мен ой-тұжы­рым­дары белгілі бір деңгейде сенім туғыза алады демекпіз.

Жас мамандарға тәжіри­белік тұрғыдан көмек қай кезде де қа­жет. Бұл үшін облыс­та абырой-беделі мен білік­тілігі жоғары спорт ардагерлерінен тұратын арнайы кеңестің құрылғаны да қолдауға әбден тұрарлық іс. Бүгінгі күнге дейін оның бірнеше отырысы өткізілген. Қазір өңірде балалар мен жас­өспірімдер және жастар мен студенттер арасындағы спорттың дамуы кенжелеп қалған. Ардагерлер кеңесінің мүшелерін тол­ған­дырып отырған басты мә­селелердің бірі де осы. Ай­талық қазіргі кезде спорт мектептерінің құрал-жаб­дық­тармен қамтылуы өте тө­мен деңгейде. Нақты де­рек­терге сүйенсек облыс­та бұл көрсеткіш 8,5 пайыз деңгейінен астпайды. Ал қажеттілік 91,5 пайызды құ­рап отыр.

Сондай-ақ өңірдегі олим­пиадалық резервті даярлау орталығының қызметінде де шешімін таппай жүрген мәселелер жеткілікті. Мұнда жергілікті органдармен ке­лісім жасау арқылы шетелдік жат­тықтырушылармен шарт жасасу мүмкіндігі қа­растырылған. Алайда бүгінгі күнге дейін орталық тарапы­нан аталған бағыттағы жұ­мыстар жүйелі түрде жүргізілмей келеді. Ор­талық қызметі туралы әңгіме қозғаған кезде жергілікті білікті мамандарды жұмысқа тарту жөніндегі істерді де ұмыт қалдыруға болмайды. Осы мақсатта облыста оларды ынталандыру үшін 250-300 мың теңге еңбекақы төлеу жөнінде келісімшарттар жасау көзделген. Сонымен бірге қазіргі кезде облыстағы спорт саласына нақты жоспарлау жүйесін жолға қою мәселелері қарастырылған. Бүгінде өңірде спорттың олимпиадалық түрлері –жеңіл атлетика мен спорттық гимнастиканы жә­не семсерлесуді дамытуға көңіл бөле бастағаны бұған дейін орын алып келген іркілістердің ізденістерге жол бере бастағанын көрсетеді. Сондай-ақ өңірде олимпия ойындарының тізіміне кірген су спорты түрлерін дамыту, бұл бағытта арнайы секциялар ашу үшін де тың шаралар кешені белгіленген.

Облыстағы спорт саласында бұған дейін орын алып келген іркілістердің тағы бір себебі ауыл спортшыларын мо­ральдық және материалдық тұрғыдан қолдау мен олар­дың жарысқа қатысуын қар­жыландыру ісінің жеткілік­сіздігі болса, қазіргі күні бұл іс те өз шешімін тауып ке­леді. Сөз жоқ, мұның өзі ауыл спор­тын дамытудың бас­ты тетігінің бірі екені айдан анық. Тұтастай алғанда қазіргі кезде кәсіби және бұқа­ралық спортты дамыту ісінде өңірде іркілістерден гөрі, ізденістер басым түсе бастағаны үлкен сенім туғызады.

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Egemen Qazaqstan»

АҚТӨБЕ

Дереккөз: http://egemen.kz/