Ірі компаниялардың топ-менеджерлері төтенше жағдайға байланысты сыйақысыз қалады   

0

Мемлекет жүйе құрушы кәсіпорындарға бірқатар жеңілдік беруге дайын, оның орнына басшылық жұмыс орындарын сақтап, топ-менеджменттің бонустарын тоқтатуы тиіс

НҰР-СҰЛТАН, 24 сәуір – Sputnik. Ірі кәсіпорындардың топ-менеджментіне 2019-2020 жылдар үшін дивидендтер мен бонустар төленбейді.

Бұл туралы экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысында белгілі болды. Отырыс премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өтті.

Оқи отырыңыз: Мамырда карантин ұзартылуы мүмкін, бұл қауіпті кезең – денсаулық сақтау министрі 

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов жүйе құрушы кәсіпорындар тізілімінің жобасын таныстырды. 

Тізімге құрылыс, көлік, энергетика, сауда, жылжымайтын мүлікті жалға алу, тау-кен өндірісі және өңдеу өнеркәсібі салаларындағы 361 кәсіпорын енді.

Мемлекеттік қолдау шаралары ретінде:

  • кредиттер бойынша мемлекеттік кепілдіктер ұсыну;
  • жеңілдікті өтімділікке қол жеткізу;
  • салық төлеуді кейінге қалдыру;
  • ҚҚС қайтару процесін жеңілдету әрі жеделдету;
  • барлық рұқсат беру құжаттары мен мемлекеттік қызметтерді ұсынуды жеделдету қарастырылады.

«Жүйе құрушы кәсіпорындардың міндеті жалақы төленетін жұмыс орындарын сақтау, отандық өндірушілердің тауарлары мен көрсетілетін қызметтерін сатып алу (болған жағдайда), қолданыстағы келісімшарттар аясында уақытылы төлемдерді қамтамасыз ету, ақпаратты ашу, 2019-2020 жылдар үшін топ-менеджментке дивидендтік төлемдер мен бонустарды алып тастау болады», — делінген үкіметтің сайтында.

Сонымен қатар, отырысқа қатысушылар салық жеңілдіктерін, артықшылықтарын және азаматтық авиация субъектілерін мемлекеттік қолдаудың басқа да шараларын қарастырды.



sputniknews.kz