Ірі көлемде қаржы жымқырмақ болған «Алматы су» департаментінің директоры сотталды

0

Алматы қаласы Бостандық аудандық соты «Алматы Су» коммуналдық кәсіпорнының күрделі құрылыс департаментінің директоры Мақсат Жолдыбаевты шартты жазадан босатып, нақты жаза тағайындады.

«Мақсат Жолдыбаев орындалған жұмыстар актілеріне еш кедергісіз қол қойып, қаладағы кәріз жүйесін күрделі жөндеу және сумен жабдықтау жұмыстарын мемлекеттік сатып алу шарттары бойынша бюджет қаражатын аудару үшін кәсіпкерден 75 миллион теңге ұрлауға әрекеттенді деп айыпталды», — делінген хабарламада.

Алғашқы сот отырысында оған 5 жыл мерзімге коммерциялық және қаржылық ұйымдардың басшылығында жұмыс істеу құқығынан айыру және шартты түрде 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған болатын.

Алайда, қадағалаушы прокуратураның наразылығымен Алматы қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасының шешімімен алғашқы сот үкімі өзгертілді. Жолдыбаев 5 жылға бас бостандығынан айырылып, коммерциялық және қаржылық ұйымдардың басшылығымен байланысты қызметті атқару құқығынан айрылды.

Айыпталушы сот залында қамауға алынды, ал үкім заңды күшіне енді.

фото: arbatmedia.kz