Ірі көлемде ақша жіберуін сұраған: Алматыда 19 жастағы курсант өзіне қол жұмсады

0
4062

Алматыда ішкі істер министрлігі академиясының 19 жастағы курсанты өзіне қол жұмсады. Ол 3-курста оқыған.

Қайғылы оқиғаға дейін жігіт ата-анасының ірі көлемдегі ақша жіберуін сұраған, деп жазады «Уральская неделя» басылымы.

Саламат Өтегеновтың денесі 13 желтоқсанда асхананың қосалқы бөлмесінде табылды. Оқиға орнына жеткен жедел жәрдем қызметі оны құтқара алмады. Қаралы хабар ата-анасына сол күні хабарланды. 16 желтоқсанда марқұм Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданындағы Шабдаржап ауылында жерленді.

Жігіттің анасы оқу мекемесінде әрдайым ақша талап ететінін айтты. Бекзат Иманғалиеваның айтуынша, бірінші сессия тапсыру үшін үлы 80 мың сұраған. Ақшасыз тапсыру мүмкін болмаған.

Ата-анасы курсант екінші курсқа барғанда жылдам берілетін кредит рәсімдегенін білген. Олар қарызды өтеп, не үшін алғанын білмек болған. Ол ата-анасына жүк түсірмеу үшін займ алғанын жеткізген.

Саламат қайғылы оқиғаға дейін әдеттегіден әлдеқайда қомақты ақша сұрай бастаған. Ата-анасы 3,5 ай ішінде 630 мың теңге жіберді.

Соңғы тәулікте ағасына: «Егер дәл қазір ақша жібермесең, қолымнан немесе аяғымнан айырыламын» деп жазған.

Өмірінің соңғы күнінде ол сағат 11-де ағасына «17.00-ге дейін 300 мың теңге жіберші» деп жазған. Ауылда интернет нашар болғандықтан, ағасы хабарламаны тек кешке оқыды. Саламат 16.31-де соңғы смс-те: «Мен кеттім» деп жазған.

Академия ақпаратына сәйкес, оқиғаға қатысты Алматы бойынша өзіндік қауіпсіздік департаменті сотқа дейінгі тергеуді бастады. Іс қылмыстық кодекстің 105-бабы 1-бөлігі бойынша («өз-өзіне қол жұмсауға итермелеу») тергеліп жатыр.

«Тексеріс барысында академия қызметкерлері мен курсанттары тарапынан заңсыз әрекет анықталған жоқ», – деді мекемедегілер.

Егер полиция кінәліні тапса, ол үш жылға дейін бас бостандығынан айырылады немесе бас бостандығы шектеледі.