Ирандағы тасқыннан қаза тапқандар саны сексенге таяды
Иранда бірнеше аптадан бері болып жатқан тасқыннан қаза тапқандар саны 76-ға жетті. Ел экономикасына 2,2 миллиард доллар шығын келген. Бұл туралы 14 сәуірде Иран билігі хабарлады.
19 наурыздан бері жауған жаңбырдың салдарынан пайда болған су тасқыны елдің 26 провинциясындағы жүздеген елді мекенге қауіп төндірген.
«Тасқыннан 31 провинцияның 25-і, ел бойынша 4400-ден аса ауыл жапа шекті» деп мәлімдеді Иран ішкі істер министрі Абдулриза Рахмани-Фазли.
Көлік министрі Мухаммед Эсламидің хабарлауынша, 725 көпір құлап, 14 мың шақырым жол сел мен лай көшкінінің астында қалған.
Иран президенті Хасан Роухани тасқын зардабын тартқандардың шығыны өтеледі дегенімен, басылымдар АҚШ санкциясы ауыр тиген Иранның мемлекеттік бюджеті қатты азайғанын жазады.
Бұған дейін Иранның қызыл жарты ай қоғамы тасқын салдарымен күресіп, жапа шеккендерге көмек көрсетуге АҚШ санкциялары кедергі келтіріп жатыр деп мәлімдеген. Ұйым санкция салдарынан жапа шеккендерге көмектесу үшін қаржы аудару мүмкін болмай жатқанын айтқан. Тегеран да осыған ұқсас мәлімдеме жасап еді.
Бірақ Вашингтон бұл айыптауларды жоққа шығарған. 2 сәуірде АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео «Иран билігінің қаланы жоспарлауы мен төтенше жағдайға әзірлігі нашар» деді. Помпеоның сөзінше, биліктің ұқыпсыздығы себеп болған апатқа Тегеран сыртқы күштерді айыптап отыр.