Иран мен АҚШ жанжалы Каспий теңізі аймағына қалай әсер етеді?

0
27

Ислам революциясы корпусының «Құдс» арнайы жасағының қолбасшысы генерал Касем Сүлеймани 3 қаңтарда Бағдатта АҚШ-тың әуе шабуылы кезінде мерт болған. Оны өлтіруге АҚШ президенті Дональд Трамп тікелей бұйрық берген. «Құдс» күштері Иранның сырттағы әскери операцияларына қатысқан.

Вашингтон Сүлейманиді «Иракта жүрген америкалық әскерилерді өлтірді, жаңа шабуылдарды жоспарлады» деп айыптайды.

Иран генералдың өлімінен кейін бірнеше күннен бері аза тұтып жатыр. Тегеран «Сүлейманиді өлтірген АҚШ-тан кек алатынын» мәлімдеді. АҚШ президенті Дональд Трамп та «Тегеран шабуыл жасаса, Иранның 52 нысанын бомбалайтынын» айтты.

Иран қалаларында Сүлейманидің жақтастары көшеге шығып, «АҚШ-қа өлім!» деп айғайға басып, Америка туын өртеді. 7 қаңтарда Сүлейманидің туған қаласы Кермандағы жерлеу рәсімі кезінде 50-ден астам адам тапталып мерт болды. 200-ден астам адам жараланған. Осыдан кейін Иран билігі генералды жер қойнына тапсыруды кейінге қалдырды.

Азаттықтың Иран қызметінің тілшісі Ниюша Богратидің сөзінше, Таяу Шығыста кейінгі 40 жылда жағдай бұлай ушықпаған. Ол АҚШ пен Иран арасындағы жанжал Каспий аймағына экономикалық тұрғыдан әсер етуі мүмкін деп санайды.

Азаттық: Таяу Шығыста ахуал шиеленісіп барады. Кейбір сарапшы бұл аумақта соғыс тұтанып кетуі мүмкін екенін айтып жатыр. Айтыңызшы, осы тірестің Каспий аумағы мен Орталық Азияға қандай әсері болады?

Ниюша Бограти: 40 жыл бойы Иран және Таяу Шығыста жағдай дәл осылай ушықпаған. Бұл жағдай Таяу Шығыс үшін нағыз қауіпті сәт. Кез келген әрекет жағдайды ушықтыруы мүмкін. Бірақ АҚШ та, Иран да ахуалды біледі. Сүлейманидің өлімінен кейін соғыстан қашып құтылу мүмкін емес деуге келмейді. Иә, соғыс болуы мүмкін. Бірақ бұл біз білетін үлкен соғысқа айналмас. Ал қандайда бір әскери қимыл бола қалған жағдайда Каспий аймағын шарпи қоймас. Яғни, Каспий теңізі аймағында соғыс болу ықтималдығы Таяу Шығыс, Парсы шығанағы, Араб түбегіндегідей емес. Бұл жанжал Каспий аймағына экономика жағынан әсер етуі мүмкін, ал әскери қимыл жағынан әсер ете қоймас.

Азаттық: Аятолла Хаменеи «генералды өлтірген АҚШ-тан аяусыз кек алуға уәде берді». Президент Дональд Трамп та Иран шабуыл жасаса, Иранның 52 нысанына соққы беретінін айтты. Осы нысандар арасында Каспий теңізі жанында орналасқаны бар ма?

Ниюша Бограти: Бұл сұраққа толық жауап беру үшін сәл артқа шегініп Иранда не болып жатқанын қарайық. Иран «АҚШ-тан кек алатынын айтты. Бірақ кекті қалай алатынын ашық айтпады. Кейбіреулер Иран АҚШ-тың Таяу Шығыстағы базаларына шабуыл жасауы мүмкін дейді. Енді біреулер бұл режимге өте қауіпті болады деп отыр. Оның үстіне АҚШ президенті Дональд Трамп Twitter желісінде Тегеран шабуыл жасаса Иранның 52 нысанын, соның ішінде мәдени орындарын нысанаға алатынын жазды. Трамптың айтып отырған 52 орны да белгісіз. Әлеуметтік желіде Трамп айтқан 52 орын Иранның тарихи мұралары болуы мүмкін десе, енді бірі Иран режиміне тиесілі мемлекеттік телеарна станциясы немесе билік қолдайтын діни мектептер болуы мүмкін дейді. Бұл туралы елде қызу талқы жүріп жатыр. 52 орын бүкіл ел аумағында, соның ішінде Каспий теңізінің маңайындағы орындар да болуы мүмкін.

Азаттық: Ирандағы дәл қазіргі ахуал қандай?

Ниюша Бограти: Қазір Ирандағы жағдай астан-кестең. Генерал Сүлеймани Иранның әскери иерархиясында ең беделді, рейтингі жоғары, аятолла Али Хаменеиге ең жақын адам болды. Тегеранды Сүлейманиді жоқтау рәсімінде аятолла Хаменеидің өзі генералдың табытының жанында тұрып, жоқтады. Хаменеидің жұрт алдына шығып, қайғырғанын соңғы он жылда көрмеген едік. Жиырма жылдай Иран әскерінің сырттағы операцияларын басқарған Сүлейманидің өлімі ел билігі мен әскеріне және генералдың қолдаушыларына үлкен соққы болды. Иранның Таяу Шығыстағы ықпалы мен орны Сүлейманидің есімімен байланысты. Оның өлімін Иран билігі күтпеді. Қазір Иран Сүлейманидің өлімінен соң аза тұтып жатыр. Енді не болады деп отырғандар да бар. Аятолла Али Хаменеи генерал Сүлейманидің орнына Исмаил Кааниді тағайындады. Каани бұрын Сүлейманидің орынбасары, ең жақын серіктесі болған. Иранда Сүлеймани жайлы түрлі пікір барын айтуымыз керек. Кейбір жұрт Сүлейманиді Таяу Шығыстағы қақтығыстарға араласу арқылы Иран халқын бақытсыз етті, Иран халқын басып-шаншуға ат салысты деп санайды. Әрине, генералды батыр ретінде көретін жақтастары да жетерлік.

Азаттық: Иран генералдың өлімінен кейін аза тұту жалғасып жатыр. Халықтың көбі «Америкаға өлім!» деп айғайлады. АҚШ-тың туын өртеді. Ел ішінде осы ұранға қарсылар бар ма? Бар болса олар не дейді?

Ниюша Бограти: Ирандағы халықтың басым бөлігі бұл ұранға қарсы. Бұл – биліктің және оны қолдаушылардың риторикасы. Иранның қазіргі режимі уысындағы бар билікті ұстап тұру үшін қашанда сырттан жау іздейді. Кейде Сауд Арабиясын, кейде Израильді, кейде Ұлыбританияны жау дейді. Ал Иран кейінгі 40 жыл бойы АҚШ-ты жау ретінде санайды. Бұл риториканы қолдайтындар көп дей алмаймын. Себебі әлеуметтік желіде Батыс елдерімен, АҚШ-пен байланысты қалайтындар көп. Олар батыс стилінде өмір сүргісі келеді. Батыспен жақсы қарым-қатынаста болғанды қалайды. Көшеге шыққандарды қарап, бүкіл Иран халқы солай ойлайды деуге болмайды. Көшеге шыққандар – қазіргі режимнің қолдаушылары.

Azattyq