Иран көшбасшысы АҚШ билігіне Ормуз бұғазын жабамын деп сес көрсетті
Соңғы уақытта АҚШ-тың салған толассыз санкцияларынан кейін Иран билігі де іске кіріскен сыңайлы. Осы уақытқа дейін « қандай санкция болмасын, төтеп береміз» дегеннен басқа мардымды жауап қатпаған Иран билігі өздеріне келген қысымның бастамасын сезгендей. Себебі, Иран көшбасшысы Хасан Рухани «Америка Құрама Штатының санкциялары жалғаса берсе, Ормуз бұғазы арқылы өтетін шикі мұнай тасмалына тосқауыл қоямыз» деп мәлімдеме жасады.
Негізінен Ормуз бұғазы Иран елінің стратегиялық және транзиттік маңызы зор аумақтарының бірі. Сонымен қатар, аталған бұғаз арқылы Парсы шығанағындағы мұнай өндіруші елдер өздерінің шикі өнімдерін еркін тасмалдауын жалғастырып келеді. Тіпті бұл өңірден алынатын қара алтын жалпы көлемнің 20 пайызынан асады екен. Осыған байланысты көптеген халықаралық сарапшылар аталған орынды «Иран билігінің көзірі» деп атайды.
Егер Руханидің сөзі іске асар болса, онда АҚШ тарапы күш қолдануға да баруы мүмкін. Себебі, дәл осы жағдай 1980-1988 жылдардағы Иран мен Ирак арасындағы соғыстың бастамасына ұқсап барады. Теңіз жолында басталған соғыс кезінде Ормуз бұғазы арқылы қатынайтын кемелердің еркін қатынауына қиындық туғызған болатын. Дәл осы жағдайды пайдаланған Америка билігі өз әскерін кіргізіп, әлі күнге дейін шығармай отыр. Бірақ, аталған орында АҚШ-тың ешқандай меншікті жері болмағандықтан, әскери-теңіз күшін алып тастау туралы мәлімдемені Иран осы уақытқа дейін айтып отыр.
Естеріңізге сала кетейік, шілде айының басында Хасан Рухани дәл осы Ормуз бұғазын бұғаттау туралы мәлімдеген болатын. Бірақ, осы уақытқа дейін бір нәтиже шықпағандықтан, АҚШ тарапы өз санкцияларын салуды жалғастырған. Екінші рет көтеріліп отырған Ормуз бұғазының жағдайы Парсы шығанағындағы мұнай өндіруші елдерді енді алаңдататыны белгілі.