Иран АҚШ-тың Ирактағы әскери базаларын зымыранмен атқылады

0
61

8 қаңтарда Иран АҚШ әскерилері мен коалиция күштері шоғырланған Ирактағы бірнеше нысанды ондаған зымыранмен атқылады, олардың арасында Ирактың батысындағы Әл-Асад және Эрбилдегі база да бар деп хабарлады Пентагон.

АҚШ-тың қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Джонатан Хофман «бұл зымырандарды Иранның жібергені анық» деді. Ол шығын мөлшері бағаланып жатқанын айтты.

Иранның мемлекеттік телеарнасы Ислам революциясы сақшылары корпусы «Ирактағы америкалық Айн әл-Асад базасын ондаған зымыранмен атқылады» деп хабарлады. Сақшылар корпусы «жаңа агрессия болған жағдайда бұдан да жойқын шабуылдар» болатынын ескертті.

«Біз АҚШ-тың Ирактағы нысандарына шабуыл жасалғанынан хабардармыз. Президент те біледі, ол жағдайды мұқият бақылап отыр және ұлттық қауіпсіздік жөніндегі командасымен кеңесіп жатыр» деді Twitter-де АҚШ президентінің баспасөз хатшысы Стефани Гришэм.

Ислам революциясы корпусының «Құдс күштері» арнайы жасағының қолбасшысы Сүлеймани 3 қаңтарда Бағдаттағы АҚШ-тың әуе шабуылы кезінде мерт болған. Оны өлтіруге АҚШ президенті Дональд Трамп тікелей бұйрық берген. «Құдс күштері» Иранның сырттағы әскери операцияларына қатысқан.

Тегеран «Сүлейманиді өлтірген АҚШ-тан кек алатынын» мәлімдеген. АҚШ президенті Дональд Трамп та «Тегеран шабуыл жасаса, Иранның 52 орнын бомбалайтынын» айтқан.

Azattyq