Иран апатқа ұшыраған ұшақтың қара жәшігін Киевке жібереді

0
18

Иран билігі Тегеран әуежайында құлаған украиналық жолаушылар ұшағының қара жәшігін Киевке жіберетінін мәлімдеді.

Иранның азаматтық авиация өкілі Хасан Резайфер 18 қаңтарда жергілікті ақпарат агенттіктеріне қара жәшікті Иранда оқу мүмкін болмағанын айтты. Оның сөзінше, қара жәшікті Киевте франциялық, америкалық және канадалық мамандар тексереді.

“Егер олар оқи алмаса, қара жәшікті Францияға жібереді” деді Резайфер.

15 қаңтарда Киев шетелдік мамандар қара жәшікті 20 қаңтардан бастап тексере бастайтынын мәлімдеген.

8 қаңтарда таң алдында Иран Тегеран әуежайынан көтеріле бергенде Украинаның МАУ компаниясына тиесілі Boeng 737 ұшағын 176 жолаушысымен атып түсірді. Алайда алғашқы кезде ұшақтың «техникалық ақауға байланысты» апатқа ұшырағаны хабарланды. Борттағы жеті елдің азаматы барлығы бірдей қаза тапты. Олардың көбі – Иран және Канада азаматы.

Ұшақ апаты Иран мен АҚШ арасындағы жағдай өршіп тұрған тұста болды. 3 қаңтар АҚШ президенті Дональд Трамптың бұйрығымен Бағдат әуежайы маңында «террористер тізіміндегі» Иранның ислам сақшылары корпусының «Құдс» арнайы жасағының қолбасшысы Касем Сүлейманидің көзі жойылды. Сүлеймани қызмет атқарған элиталық әскери бөлім де «террористік ұйымдар» қатарында.

8 қаңтарға ауған түні Иран «кек алу» жолында Американың Ирактағы екі әскери базасын баллистикалық зымырандармен атқылады.

Azattyq