Ирактан қайтарылған тәжік балалар паналаған орын

0

Тәжікстанның табиғаты көрікті Варзоб шатқалында орналасқан «Харангон» санаторийінде бұл күндері қайнаған тіршілік байқалады. Санаторий аумағының қауіпсіздігін қадағалаған милиция қызметкерлері, ерсілі-қарсылы жүрген дәрігерлер, осында келіп-кетіп жатқан түрлі министрлік пен ведомство шенеуніктері көзге шалынады. Бөгде адамдардың келуіне тыйым салынғандықтан бұл жерді құқық органдары тәулік бойы күзетеді.

Бұл санаторийге сәуірдің 30-ы күні кешке Ирактан ұшақпен жеткізілген 84 тәжік баланы орналастырған. Олар – Таяу Шығыстағы соғыс аймағында қаза тапқан немесе хабарсыз кеткен «Ислам мемлекеті» экстремистік тобының қатарында болған содырлардың балалары.

Озоди радиосы (Азаттықтың Тәжік қызметі) журналистеріне санаторийдегі балалармен сөйлесуге рұқсат етпеген билік оны бала құқығын қорғаумен түсіндірді. Билік өкілдері санаторийде балаларға барлық жағдай жасалғанын айтады.

Санаторийге кіре беріс жерден Озоди журналистері балалар жатқан бөлмелерге дәрігерлер үнемі кіріп-шығып, даяшылар балаларға асханадан буы бұрқыраған ыстық тамақ тасып жүргенін байқады.

«БАЛАЛАРМЕН ПСИХОЛОГТАР ЖҰМЫС ІСТЕП ЖАТЫР»

Шенеуніктер ең алдымен балалардың барлығының денсаулық жағдайы тексеріліп, қазір олармен педагог және психолог мамандар жұмыс істеп жатққанын айтады. Тәжікстан денсаулық сақтау министрлігі өкілдерінің хабарлауынша, санаторийге келген балаларға алғашқы күні жасалған тексеру қорытындысы олардың ешқайсында ауру белгісі жоқ екенін анықтаған.

Мамырдың 1-і күні «Харангон» санаторийіне келген Тәжікстан денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Шодихон Жамшед балалардың мұндағы алғашқы күні жақсы өтті деген баға берді.

Шодихон Жамшед.

Шодихон Жамшед.

– Барлық бала рентгенге түсіріліп, ВИЧ, туберкулез, гепатит пен безгек ауруына тексерілді. Бақытына орай, ешқайсысы ауруға шалдықпапты. Мақсатымыз – белгілі бір уақыт кезеңінде балаларды толық тексеруден өткізіп, сосын жас шамасына қарай топқа бөлу. Мысалы, мектепке дейінгі жастағы балалар Денсаулық сақтау министрлігінің қамқорлығына алынып, балалар үйіне орналастырылуы керек. Ал мектеп жасындағы балаларға қамқорлықты Білім және ғылым министрлігі өзіне алып, мектеп-интернаттарға орналастырады, – деді ол.

Қазір балалардың құжаттары әзірлеп, кімнің баласы екені белгісіз кейбірінің аты-жөні мен ата-анасы кім екенін анықтау жұмыстары басталып кеткен. Егер туыстары табылып, тиісті ресми құжаттарын көрсетіп, өтініш білдірсе бала солардың тәрбиелеуіне берілуі мүмкін.

Озоди тілшісімен әңгімеде Денсаулық сақтау министрі орынбасары Саида Умарзода аналарынан ажыраған соң балалар өзін жалғызбын деп сезінбеуі үшін олар өз бауырларымен бір бөлмеге орналастырылғанын айтты. Оның сөзінше, жасы үлкендері өзінен кіші туысына жақсы қамқор бола алатынын көрсете білген.

Умарзода балаларға қандай тамақ беру керектігі мұқият ойластырылған, оларға ас мәзірін диетолог әзірлейді дейді.

– Жас ерекшелігіне қарай түрлі топтағы: әлі жасқа толмаған, үш жасқа дейінгі және 4-18 жас аралағындағы балаларға тамақ бөлек дайындалады. Балаларға күніне алты рет тамақ беріледі, – деді ол.

Махмадулло Давлатов.

Махмадулло Давлатов.

Қазіргі кезде балалармен төрт психолог пен педагог жұмыс істеп жатыр. Мамандардың айтуынша, психолог көмегіне балалардың барлығы бірдей мұқтаж емес.

«Харангон» санаторийіндегі балалармен жұмыс істейтін тәжік психологы Махмадулло Давлатов Озоди радиосына телефон арқылы берген сұхбатында ол жерге мамырдың 1-і күні кешке келгенін, балалардың психикалық жағдайы туралы олардың хал-жайын тексергеннен кейін ғана айта алатынын жеткізді. Бірақ, қазір балалардың қасында психологтың бірге болғаны аса маңызды дейді ол.

«ТУЫСТАРЫ БАЛАЛАРДЫ ҚАМҚОРЛЫҒЫНА АЛА АЛАДЫ»

«Харангон» санаторийіндегі балалардың ең үлкені 18 жаста, жартысынан көбінің (44 бала) жасы әлі төртке толмаған.

Ирактан ұшақпен жеткізілген балаларды әуежайдан күтіп алған дәрігерлер. Душанбе, 30 сәуір 2019 жыл.

Ирактан ұшақпен жеткізілген балаларды әуежайдан күтіп алған дәрігерлер. Душанбе, 30 сәуір 2019 жыл.

Сәуірдің 30-ы күні кешке Ирактың Fly Erbil әуе компаниясы ұшағы Душанбе әуежайына 84 тәжік баланы жеткізген. Олар – Таяу Шығыстағы соғыс аймағында қаза тапқан немесе хабарсыз кеткен «Ислам мемлекеті» экстремистік тобының қатарында болған содырлардың балалары. Олардың көбінің (43) аналары терроршыларға болысқан деген айыппен ұзақ мерзімге сотталып, Бағдад түрмесінде жазасын өтеп жатыр.

Ирактан жеткізілген 84 баланы Душанбе әуежайынан Варзоб шатқалындағы «Харангон» санаторийіне орналастырған. Тәжікстанның балалар құқығы жөніндегі уәкілі (омбудсмен) Раджабмо Хабибуллозода сәуірдің 30-ы күні Озоди радиосына берген сұхбатында әлгі санаторийде балаларға денсаулығын емдеп, психикасын оңалтуға мүмкіндік болады деген.

– Туыстары қаласа, әрине, оларды қамқорлығына алуына болады. Ал ондай [туысы] жоқ балаларды мемлекет өз қамқорлығына алып, олардың қоғамға бейімделуі және білім алуына қажетті барлық шара қабылданатын болады, – деді Хабибуллозода.

Тәжікстан үкіметі сәуірдің 30-ы күні ресми хабарламасында Ирак сыртқы істер министрлігі және ЮНИСЕФ тәрізді халықаралық ұйымдармен тығыз байланыстың арқасында Ирактан тәжік балаларды елге қайтаруға қол жеткізгенін хабарлаған.

Қазіргі кезде Ирак түрмесінде жазасын өтеп жатқан аналарымен бірге 11 тәжік бала қалған.

Ресми мәлімет бойынша, 2014 жылдан бері Ирак пен Сириядағы соғыс аймағына 1900 тәжік азаматы кеткен. Олардың 300-ге жуығы қаза тапты деп саналады. Қаза тапқандар мен хабарсыз кеткендердің әйелдері мен балаларын Сирия мен Ирак билігі босқындарға арналған лагерьлерге орналастырған.

Бағдад соты «Ислам мемлекеті» экстремистік тобы содырларының ондаған жесірін ұзақ мерзімге, кейбірі өмір бойына түрмеге қамауға үкім еткен. Тәжікстанның Кувейт пен Ирактағы елшісі Зубайдулло Зубайзода биыл қаңтарда Озоди радиосы берген сұхбатында Иракта сотталған 43 тәжік әйелдің 15-і балаларын отанына қайтаруға келісім бермей қойғанын хабарлаған. Бұл балалардың тағдыры белгісіз.

ТАЯУ ШЫҒЫСҚА КЕТКЕН ҚАЗАҚСТАН АЗАМАТТАРЫ

2013 жылдан бастап Таяу Шығыстағы соғыс аймақтарына Орталық Азиядан барған мыңдаған адамның арасында қазақстандықтар да бар.

Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің өткен жылы жазда Азаттыққа берген ресми мәліметі бойынша, Сирия мен Иракта соғыс басталғаннан кейін ол жаққа Қазақстаннан 800-ден астам адам кеткен. Олардың арасында ата-анасы өздерімен бірге алып барған 500-ге жуық бала бар.

Биыл ресми Астана Сирияда әлі 300-ден астам қазақстандық қалғаны туралы мәлімдеген. Қаңтарда Қазақстан билігі Сириядан 47 азаматын, соның ішінде 30 бала және 11 әйел қайтарылғанын хабарлаған. Билік Таяу Шығыстан азаматтарын қайтаруды «гуманитарлық операция» деп атаған.

Өткен жылы желтоқсанда Қазақстан білім және ғылым министрлігі балалар құқығын қорғау жөніндегі комитетінің өкілі журналистерге соңғы екі жылда Қазақстанға Сириядан 91 бала қайтарылғанын айтқан еді.

Сыртқы істер министрлігі Қазақстан өз азаматтарын Сириядан қайтаруды жалғастыратынын хабарлады.

(Азаттықтың Тәжік қызметі – Озоди радиосының материалы негізінде жазылды.)

Azattyq

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз