Ирактан қайтарылған ресейлік балаларды үйлеріне жіберді

0

Ирактан жеткізілген ресейлік балалардың барлығын балалар денсаулығын зерттеу медициналық орталығынан үйлеріне жіберген деп хабарлайды Кавказ.Реалии сайты.

Туған-туыстары 23 баланы Дағыстанға, бес баланы Шешенстанға, бір баланы Кабардин-Балқар республикасына және бір баланы Татарстанға алып қайтқан. Бұл туралы ақпарат 5 қаңтарда Ресей президенті жанындағы бала құқығы жөніндегі уәкілдің ресми сайтында жарияланды.

Дәрігерлер балалардың денсаулық жағдайын тексеріп, кейбіріне емдеу шараларын тағайындаған.

«Ең бастысы — балалардың өміріне енді ешқандай қауіп жоқ, оларда толыққанды балалық шағына оралып, қалыпты өмір сүру мүмкіндігі пайда болды. Аймақтардағы бала құқығы жөніндегі уәкілдер отбасыларға қажетті барлық жәрдем көрсетуге дайын» деген Ресей балалар омбудсмені Анна Кузнецова.

Өткен жылы 30 желтоқсанда Ресей төтенше жағдайлар министрлігінің арнайы ұшағы Ирактан елге 3-15 жас аралығындағы 30 баланы жеткізген. Олар аналарымен бірге Ирак түрмесінде қамауда болған. Бұл өткен жылы Ресей федералдық қауіпсіздік қызметінің шешімі бойынша ресейлік әйелдерді елге қайтару тоқтатылғалы бері Таяу Шығыстан елге адамдарды жеткізген алғашқы арнайы рейс.

Бұған дейін Кавказ.Реалии сайты Ирак пен Сириядағы соғыс аймақтарында екі мыңға жуық ресейлік әйелдер мен балалар бар деп хабарлаған.

Дереккөз: Азаттық