iPhone алғысы келген жігіт бір бүйрегін сатамын деп мүгедек болып қалды
Қытай тұрғыны ұялы телефон мен Apple планшетін сатып алу үшін қара базарда бүйрегін сатып жіберген. Ендігі ол бүйрек жетіспеушілігінен зардап шегіп жүр.
Бұл туралы Daily Mail басылымына сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.
Жас жігіт 2011 жылы 17 жасында iPhone мен iPad алғысы келген. Алайда ата-анасының мұндай қымбат сыйлыққа ақшасы болмапты. Сондықтан ол ғаламтордан адам ағзасын сатып алушыларды тауып алған. Өз кезегінде олар жігітке бір бүйрегін берсе, жақсы ақша төлейтінін айтыпты.
Сол жылдың сәуір айында жігіт ата-анасына айтпай басқа провинцияға барып, сол жерде бір бүйрегін берген. Пациент оның бүйрегін 10 мың долларға (3 млн 700 мың теңгеден аса) сатып алған және ота үшін 150 мың юань (8 млн теңгеден аса) төлеген. Жас жігіт бұл соманың 10 пайызын алған. Ол еш ойланбастан бірден iPhone 4 және iPad 2 сатып алыпты.
Артынша жігіттің жағдайы нашарлай бастапты. Одан бүйрек жетіспеушілігі анықталып, мұнан кейін жалғыз бүйрегі жарамсыз болып қалған. Ер адам гемодиализ үшін төсектен тәуліктеп тұра алмайды. Ендігі ол мемлекеттік жәрдемақыға өмір сүріп отыр және күтімге мұқтаж.
Құқық қорғау органдары оған астыртын ота жасаған 3 адам мен екі дәрігерді іздеп тапты. Ағзаны сатушылар 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Ал зардап шегушінің отбасы өтемақы ретінде 1,47 миллион юань (80 млн теңгеден аса) алды.