Инсульттің дамуына ықпал ететін факторлардың көбіне әсер етуге болады
Жыл сайын қазан айының 29 күні Дүниежүзілік инсультпен күресу күні аталып өтіледі. Бұл күнді 2006 жылы Дүниежүзілік инсультпен күресу ұйымы осы ауруға қарсы күресуге белсенді әрекет жасауға шақыру мақсатында белгілеген.
2020 жылы Дүниежүзілік инсультпен күресу күні «Бізбен бірге қимылдаңыз» ұранымен өтеді. Дене белсенділігі инсультті қоса, жүрек-қантамыры ауруларының қауіп факторларына оң әсер ететіндігі дәлелденген.
Адамның жүру, қозғалу, тіпті сөйлеу мүмкіндіктерін шектейтін және басқа да проблемаларды тудыратын инсульт адамның күнделікті өмірінде оның тәуелсіздігін жояды. Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ кардиология кафедрасының ассистенті, м.ғ.к. Жанна Ибакованың айтуынша, бұл аурудың өте қауіпті екендігін естен шығармау керек.
Инсульт – кең таралған жүрек-қантамыр ауруы, ең алдымен артериялық гипертония және атеросклерозға шалдыққан кезде ми тамырларының асқынуы.
Инсульттің кез келген түрі мидың бөліктерінің зақымдануына әкеледі де, көп жағдайда науқастың мүгедектілікке шалдығуымен аяқталады. Ешқандай басқа ауру белсенді адамды бір мезетте дәрменсіз мүгедекке айналдыра алмайды.
«Бүгінгі күні инсульт жасарып келеді. Көп жағдайда осы аурумен 45 жастан кейін ауыратындығына қарамастан, кейінгі кезде инсульт 25 жастан 30 жасқа дейінгі жастағы адамдарда да кездеседі. Кез келген ауру себепсізден пайда болмайды, дені сау адамның ауру адамға ауысуы, әдетте, біртіндеп дамиды», — дейді Жанар Оңғарбайқызы.
Инсультке әкелетін симптомдар:
— көру, есту қабілеттерінің кез келген бұзылысы;
— сезімталдықтың бұзылысы (дене мүшелерінің, беттің, аяқ-қолдың ұюы, көбіне беттің немесе дененің жартысы ұиды);
— аяқ-қолдың әлсіздігі және белсенді қимылдың шектелуі;
— бас айналу және бастың ауруы, сондай-ақ есте сақтау қабілетінің бұзылуы.
Инсульттің даму қаупіне әкелетін факторлар:
— Ишемиялық инсульттің болу қаупі жас кезге қарағанда, үлкен жаста жоғары болады.
— 160/90 мм сын. бағ. жоғары артериялық гипертониясы бар науқастарда инсульттің қаупі қалыпты қан қысымы бар адамдарға қарағанда шамамен 4 есеге, ал 200/110 мм сын.бағ. жоғары артериялық қан қысымы кезінде – 10 есеге артады.
— Ишемиялық инсульттің аса маңызды көрсеткіші жүрекше фибрилляциясы (жыпылық аритмиясы) болып табылады. Ол сондай-ақ жүректің ишемиялық ауруы, сол жақ қарыншаның гипертрофиясы, жүрек кемістігі болған жағдайда жоғарылайды.
— Қант диабеті.
— Темекі шегу инсульттің даму қаупін екі есеге арттырады. Темекі шегуден бас тарту инсульттің пайда болуын 2-4 есе төмендетеді. Темекі шегу, әдетте, ер адамдарда инсульттің даму қаупін 40%-ға, әйелдерде 60%-ға арттырады.
— Ішетін контрацептивтер. 50 мг артық экстрогендері бар препараттар ишемиялық инсульттің болу қаупінің жоғарылауына әкеледі. Әсіресе оны темекі шегу және артериялық қан қысымы жоғарылағанда қабылдауға болмайды.
Инсульттің алдын алу
Инсульттің даму қаупі факторларын жою – темекі шегуді қойып немесе бір күнде шегілетін темекінің санын азайту, алкоголь ішімдігінен бас тарту немесе оны қабылдауды жедел тоқсату, белсенді өмір сүру, дене шынықтырумен айналысу, дұрыс тамақтану, ащы және тұздалған тағамды шектеу, стресс жағдайларын болдырмауға тырысу, артериялық қан қысымын бақылау және ол жоғарылаған жағдайда дереу дәрігерге қаралу, оның барлық ұсыныстарын орындау қажет.
Гиппократ кезінде: «Аурудың себебін жойсаңыз, ауру кетеді» деген екен.