Instagram желісінде тікелей эфир, Stories көру ақылы болмақ

0

Instagram әлеуметтік желісі ақылы жазылу арқылы блогерлерге қосымша табыс табуға мүмкіндік беруді жоспарлап отыр. Бұл туралы әлеуметтік желі басшысы Адам Моссери өз парақшасында хабарлады.

Моссеридің айтуынша, Instagram шығармашылық адамдар шоғырланған үздік орынға айналуы тиіс.  Сондай-ақ мұндай тұлғалар сүйікті ісімен айналысып, табыс табуы керек.

“Жазылым авторларға ақша табуға және өзінің белсенді оқырмандарымен тығыз байланыс орнатып, оларға эксклюзивті контент ұсына алады. Алдағы бірнеше ай бойы бұл тестке мейлінше көп авторды тартуға тырысамыз. Одан кейін бұдан да үлкен жаңалықтар болады», – деп жазды Моссери.

Блогерлер жаңа ақылы функцияның көмегімен өз аудиториясын жіктейді. Өзіне ақылы түрде жазылған оқырмандарға ғана тікелей эфир, Stories қолжетімді болады.

Әлеуметтік желі басшысы функция АҚШ-та сынақтан өтетінін айтты. Алдағы айларда сынаққа басқа да авторлар қосылатын болады.