«Instagram-да беталды нәрсе жазбаңдар!»: қара тазалаушы үндеу жолдады

0

Қоғам

Қысқа сілтеме алу

6 0 0

«Астана Тазалық» компаниясының қызметкері қанша жұмыс істесе де, жамандайтын астаналықтарға ренішін жеткізді

НҰР-СҰЛТАН, 12 ақпан – Sputnik. Елорда әкімінің халыққа есеп беруі кезінде қар тазалаушы Татьяна Николаевна астаналықтарға өтініш білдірді. «Астана Тазалық» компаниясының жұмыскері өз үндеуін қазақ тілінде жолдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Менің жұмыс істегеніме 14 жыл болды. Қазір бәрі «Астана Тазалықты» жамандайды. Мен сол үшін келдім. Мәселен, біз өзіміз жақын жердегі ауылдардан келеміз. 80-100 шақырым жүреміз. Түнгі сағат екі жарымда тұрамыз. Кеш қайтамыз», — деді Татьяна Николаевна.

Оның айтуынша, қанша жұмыс істесе де, әлеуметтік желілерде «Астана Тазалық» компаниясын жамандайды.

«Еститініміз бір – «Астана Тазалық» жұмыс істемейді, тротуар быт-шыт, әкімдікке айтамыз дейді. Біз тер төгіп, ақша табамыз. Бізге қиын. Техника бар. Бірақ адам аз. Мысалы, мен өзім екі әйелмен «погрузкада» жүремін. Қар көп, су-су болып жатады. Оны тиеу де оңай емес. Нанбасаңыз, менімен бірге таңғы сағат алтыда шығыңыз. Сыпырғыш пен күрек алып, түнгі онға дейін жүріп көрсін. Сосын бізді жұмыс істей ме, істемей ме, өздері көрсін. Ондай сөзді айтпаңдар. Instagram-да беталды нәрсе жазбаңдар», — деді ол. 

Алтай Көлгінов коммуналдық қызметтерге алғыс білдіріп, қар тазалап жүрген жұмыскерлерге сыйақының көптеп берілетінін жеткізді. Әкімнің сөзіне қарағанда, қала тұрғындары қар тазалаушы болып жұмыс істегісі келмейді. Содан осы жұмысқа, көбінесе, ауыл адамдары келеді. Олардың көбісі қаланың сыртында тұрады.

Оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтанда бораннан кейін тонналаған қар ерітіліп жатыр – ғажайып машинаның видеосы 

«Мысалы, үшінші боран болғанда ол кісілер қалаға келе алмай қалды. 400-500 адамдай облыстан келе алмай, қиындықтар туындады. Себебі қалада тұрып, жұмыс істейтін адамдар аз. Сондықтан осы кісілердің жұмысын бағалайық», — деді Көлгінов.

Ресми мәліметке сәйкес, биыл астанада қар нормадан үш есе артық түсті. Осы уақытқа дейін 2 миллион текше қар шығарылды.

«Қазір жолдардың бәрі таза. Біз аулалардың ішіне кірдік. Жеке секторда да қар тазаланып жатыр. Енді биыл қар өте көп түсті. Үш бораннан өтті. Құдайға шүкір, адам шығыны жоқ. Енді су тасқынына қарсы штабты жасақтадық. Барлық қызметті күшейттік, қосымша техниканы сатып алдық», — деп атап көрсетті Көлгінов.



sputniknews.kz