Инновациялық идеяларды тиімді пайдаланса…
Мұғалім кәсіби дайын болса да, ол өзінің жеке қасиеттерін үнемі жетілдіруге, кәсіби деңгейін арттыруға міндетті. Өзінің шығармашылық деңгейін, құзыреттілік деңгейін арттыру үшін алынатын ақпараттың көлемін, жұмыстың қолданылатын нысандары мен әдістерінің санын арттыру ғана емес, сонымен қатар өзін өзі дамытуға жүйелі түрде ынталандыратын жағдайлар жасау қажет.
Педагогтардың шығармашылық өзін өзі жүзеге асыруын және кәсіби өсуін ынталандыру, Қазақстан мектептерінің басшылары мен мұғалімдерінің инновациялық тәжірибесін зерделеу және тарату мақсатында Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы жуырда Алматы қаласында «Алтын Қарғалы» шипажайында дәстүрлі «Педагогикалық идеялар фестивалі» республикалық конкурсын өткізді. Бұл фестивальдің өткізілуіне Президент қоры демеушілік жасап, «Ұстаз» кәсіби орталығының қызметкерлері, Сүлеймен Демирел университетінің оқытушылары қазылық етті.
Осындай кәсіби шеберлік байқаулары педагогтардың бойына сенімділік тудыруға, ішкі ресурстарды жұмылдыруға, уақытты дәл есептеуге, үлкен психологиялық шиеленісті шешуге жағдай жасайды. Сонымен қатар конкурстар педагогтардың кәсіби қызметінде шығармашылық тұрғыдан өзін өзі жүзеге асыруының тиімді құралы болмақ және олардың әрқайсысына кәсіби және жеке сұраныстарына сәйкес өзін өзі дамыту траекториясын белгілеуге мүмкіндік береді. Фестиваль «Білім беру жүйесіндегі менеджмент», «Әртүрлі сабақтар, бірақ әрқайсысында шебердің қолы…», «Шығармашыл толқын», «Сабақ аяқталған соң…», «Психологиялық сандықша» бағыттары бойынша өткізілді. Осы бағыттарға ұсынылған идеялар коммуникативті және басқа да құзыреттілік түрлерін дамытуға, ұтқыр білім беру ортасында тиімді жұмыс істеу үшін басшылар мен педагогтардың шығармашылық мүмкіндіктерін ашуға, оқыту әдістемесі мен технологияларын жетілдіруге, тәжірибе алмасу, мұғалім мамандығының мәртебесін арттыруға, заманауи мектептің кадрлық әлеуетін қолдауға, Қазақстанның мәдени-білім беру кеңістігінің бірлігін сақтауға бағыттайды.
Фестивальға қоғамға өзінің зияткерлік еңбегінің нәтижесін көрсеткісі келетін және кәсіби қауымдастықтың ішінде үздік педагогикалық тәжірибесімен бөліскісі келетін 360 белсенді және шығармашыл педагогтар ТЕДХ форматында таратуға лайықты педагогикалық идеяларды ұсына отырып, баяндама жасады.
Айталық «Білім беру жүйесіндегі менеджмент» бағыты бойынша қатысқан 38 педагогтың арасынан топ жарып, жүлделі ІІІ орынға ие болған жаңашыл педагог Баян Ахатайқызы Бекетай бүгінгі таңда Ақмола облысы Бурабай ауданы Щучье қаласындағы №9 мектеп-гимназия директорының бейінді оқыту жөніндегі орынбасары қызметін атқарады. Оның қиыны мен жеңілі, қызығы мен қуанышы мол еңбек жолындағы ұстанымы – үнемі жаңалыққа ұмтылып, алдыңғы қатардан көріну және әр оқушының бойынан жақсылық тауып, бұлақтың көзін ашу арқылы биік мақсаттарға жету.
Жақсы ұстаз – қай кезде де ең алдымен кәсіби деңгейі жоғары, интеллектуалдық, шығармашылық әлеуеті мол тұлға. Яғни мұғалім білімді болса, білген білімін басқаға үйрете білетін болса, ол мектептен балалар көбірек білім алады. Бүгінгі таңда мектебімізде «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыру мақсатында Баян Ахатайқызының авторлық «Мәңгілік Ел» идеясы – мектепте» танымдық жобасы іске асырылуда. Бұл жоба бiлiмнiң қалыптасып, дамуының жаңашыл бағыттары мен шарттарына және бiлiмнiң қалыптасуы мен негiзделуiнiң ерекше ұстанымдарына, объективтi қатынастарды қалыптастыруға негізделген. Осы жаңашыл педагогикалық идея республикалық деңгейде өткізілген фестивальде де педагогтардың қызығушылығын арттырып, тәжірибе алмасуына мүмкіндік тудырды.
Айтушы ақылды болса, тыңдаушы дана болады», деп халқымыз тауып айтқандай, қазіргі заман талабына сай әр мұғалім өз білімін жетілдіріп, жаңа талапқа сай инновациялық идеяларды өз тәжірибелерінде тиімді пайдаланса, оның нәтижесі тартымды да мәнді, қонымды, тиімді болары сөзсіз. Елбасы Н.Назарбаев «Келер ұрпақ алдында зор жауапкершілік тұр, оны арқалап жүрген – ұстаздар. Себебі еліміздің болашағы көркейіп, өркениетті елдер қатарына қосылу бүгінгі ұрпақ бейнесімен өлшенеді» деген еді.
Сол сияқты шәкірт тәрбиесіне қажымай талмай еңбектеніп, Қазақстан атты мемлекеттің ертеңгі азаматын тәрбиелеуге өзіндік тың идеясы бар құнды танымдық жобаны ойлап тауып, іске асыру әрине, ұстаздың өз еңбегіне деген сүйіспеншілігінің жемісі деп білеміз.
Гүлайым ҚАЛМАҒАНБЕТОВА,
№9 мектеп-гимназия директорының
оқу ісі жөніндегі орынбасары
Ақмола облысы
Дереккөз: http://egemen.kz/