Ингушетияда оппозиция белсендісі қамауға алынды
Ингушетияда оппозиция белсендісі Магомед Хазбиев екі жылға бас бостандығынан айырылды.
Магас аудандық соты белсендіге халықты Ингушетия басшысы Юнус-Бек Евкуровқа қарсы айдап салды, билікке, құқық қорғау органдарына қарсы «өшпенділік туғызды» және заңсыз қару-жарақ сақтады деп айыптады. Сонымен қатар, 50 мың рубль көлемінде айыппұл салды. Алайда, оппозиционер өзіне тағылған айыпты толығымен мойнына алған жоқ. Ол қауіпсіздік қызметінің өкілдері өз қалтасына оқ-дәрі салып жібергенін айтады.
Ингушетияда биліктің қудалауына ұшыраған Магомед Хазбиев 2014 жылы Украинаның Еуропа Одағымен интеграциялануын талап еткен демонстранттарға қолдау білдіруге Киевке барған. Ингушетия үкіметі мен Ресей президенті Владимир Путинді талай рет сынаған оппозиционер біраз уақыт көлемінде «ПАРНАС» партиясында төрағалық қызметте болған.