Инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылмақ | «Айқын» газеті

0

Мемлекет басшысы «Қазақстан­дықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолда­уында «Нұр Отан» партиясына Үкімет пен жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, әр өңірге инфрақұрылымдық жобалар қорын құруды тапсырған болатын. Осы тапсырманы орындау мақсатында, партияның Орталық аппаратында «Нұр Отан» партиясының хатшысы Тамара Дүйсенованың төрағалық етуімен аймақтардағы ең маңызды инфрақұрылымдық жобалардың қорын құру бойынша комиссия отырысы өтті.
Кездесуге Мәжіліс депутаттары, Ин­вес­тициялар және даму, Ұлттық эконо­мика, Қаржы және Энергетика министр­лерінің орынбасарлары, сондай-ақ бейне­байланыс арқылы облыс әкімдері орын­басарлары, партияның облыстық филиал­дарының өкілдері қатысты.
Жиынды кіріспе сөзімен ашқан партия хатшысы Тамара Дүйсенова өңірлерді дамыту мәселесі жөнінде жалпыұлттық жос­пар қабылданғанын айтып, елдіме­кен­дердегі қажетті инфрақұрылымдық жоба­ларды жүзеге асыру керектігіне ерекше тоқталды.
Кездесу барысында Инвестициялар және даму вице-министрі Қайырбек Өс­кенбаев тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лық (жылу және сумен жабдықтау, кәріз жүйесі), автомобиль жолдары және теміржол саласындағы ең өзекті және ба­сым инфрақұрылымдық жобалар туралы айтып өтті. Ол сонымен қатар инфрақұ­ры­лым, бағалау критерийлері мен жобаларды іріктеу механизмін түсіндіріп, оларды қар­жыландырудың болжамды көздерін белгіледі.
Жалпы алғанда, Инвестициялар және даму министрлігінің деректері бойынша, елімізде 653,1 млрд теңгені құрайтын 320 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Оның ішінде 1,395 шақырым аумаққа жы­лу, су және санитар желілерін қайта құру үшін 150 жоба жүзеге асырылмақ. Тізімге сондай-ақ, аймақтық және аудан­дық жол­дардағы жөндеу жұмыс­тарына арналған 99 жоба кіреді. Осы жобаларды іске асырудың арқасында жергілікті желінің шамамен 1500 шақырым жолы жөнделеді. Сонымен қатар 9 көпір қайта жаңартылады. Айта кетейік, құрылыс-монтаж жұмыстарының жалпы құны
83,6 млрд теңгені құрайды.
Басқосуда сөз сөйлеген Ұлттық эко­номика вице-министрі Айбатыр Жұм­а­ғұлов листингтік жобалар үшін қандай критерийлер мен тәсілдерді пайдала­на­тынын түсіндірді. Өз кезегінде Энер­гетика вице-министрі Мағзұм Мырза­ғалиев энергетикалық инфрақұрылым саласында өңірлер үшін басым жобаларды жариялады. Жиын соңында Мәжіліс де­путаттары Орталық мемлекеттік орган басшы­лары­ның баяндамаларын тыңдап, инфрақұры­лым­дық жобалар, олардың бағалау кри­терийлерін және қаржыландыру көздерін дамыту туралы сауалдарға жауап алды.

Абылайхан ЖҰМАШ