Инфекционист ғалым: «Вирус енді кетпейді, біз онымен бірге өмір сүруді үйренуіміз керек»

0

Елімізде карантин талаптары бірте-бірте жеңілдетіледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Денсаулық сақтау министрлігі арнайы жоспар әзірлеп жатыр. Сала басшысы кеше осылай деген еді. Билік он күннен кейін қатаң шектеулерді алып тастайды, бірақ бұл вирус жойылып кетті дегенді білдірмейді. Қауіпті індет әлі де ел кезіп жүр. Жақын уақытта кете қоймас. Сондықтан өткен айдағы жағдай қайталанбау үшін отандастарымызға не істеу керек?

Вирус енді кетпейді. Жоқ қылып жібере алмайсың. Денеңе дендеп, сүйекке сіңіп кетпесе де, ел кезіп, арамызда жүреді. Шалыс қадам басқандарын шалып түсіреді. Әлем алпауыттары жарыса жасап жатқан вакцина да індетті құртып жібере алмайды. Ол тек қалқан болуы мүмкін. Сондықтан әрбір адам өзіне сену керек. Өз отбасын өзі қорғап үйренуі тиіс.

Максим Рожин, ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ресми өкілі:

– Карантин біткеннен кейін сол вируспен әлі күресіп қаламыз. Ол күрес жалғаса береді. Біз сол күреске дайынбыз ба? Әркім өз деңгейінде қаншалықты дайын? Қарапайым отбасында сақтық шаралары қаншалықты қол алынып жатыр?

Қорғану керек дейміз-ау. Қауіпті кесел алқымнан алып, қараша халық қынадай қырылып жатқанда өзгелері алаңсыз серуен құрды. Көл жағалап, көңіл көтерді. Мұндайда қайдағы сақтықты айтасың?! Төтенше жағдай аяталып еді, ел ығы-жығы сапырылысып қоя берді. Бұқпантайлап жүріп, той-томалақ жасағандары да табылып жатты емес пе?!

Шолпан Құлжанова, инфекционист дәрігер, медицина ғылымдарының докторы:

– Дәл қазіргідей індет өршіп тұрған кезде отбасылық жиындарды өткізбеген дұрыс. Өйткені ауруханаға түсіп жатқан науқастардың дені осындай отырыс кезінде індет жұқтырып алған. Бұл кесел қарт кісілерді аяп жатқан жоқ. Жан сақтау бөлімдерінде ауыр халде жатқан жастар да бар. Сондықтан мына ауру адам талғамайды.

Өткен айда көрдік. Өлім-жітім көбейді. Қаралы хабар айтқан жұрттың қарасы тіпті қалыңдай түсті. Елде карантин талаптарын қайта күшейтуге тура келді. Содан кейін жағдай бірте тұрақтала бастағандай көрінді. Бірақ бұл шектеу келесі айда алынады. Өйткені мемлекет ұзақ уақыт карантин енгізіп бос отыра алмайды. Экономика құлдырайды. «Аузы күйген үрлеп ішеді» дейтін ел едік ғой?! Бұл жолы бұқара өткеннен сабақ алатын шығар.

Шолпан Құлжанова, инфекционист дәрігер, медицина ғылымдарының докторы:

– Карантин мерзімі аяқталғаннан кейін де тұрғындар сақтанып жүру керек. Өйткені карантиннің біткені вирустың кеткенін білдірмейді. Маска тағу міндетті. Арақашықтық сөзсіз сақталу қажет. Қолды жиі жуып тұру керек. Бұл дағдыға айналу тиіс. Той-томалақ жасауға болмайды. Вирус қаупі сейілген жоқ. Осыларды сақтамайынша, біз ешқашан бұл індеттен құтылмаймыз.

Вирустың жоқ болып кетпейтінін кәрі құрлыққа көз салып-ақ ұққан едік. Әне, Испания қайта титықтап жатыр. Карантин бітісімен, ондағы жұрт қалыпты өмірге оралдық деп ойлаған. Бірнеше ай алаңсыз жүрді. Шекараны ашты, туристерді шақырды. Қазір соның зардабын көріп отыр. Небәрі бір айда індет жұқтыру дерегі 400 процентке көбейген.

БЛИЦ:

– Жағдайдың күрделі екенін жақсы түсініп отырмын. Оған біз жеткіншектер кінәліміз. Жауапкершілік танытпайтын ересектер де аз емес. Көбі ережелерді бұзып, мұның соңы не боларын ойламайтынға ұқсайды.

– Біз соңғы жағдайлар үшін алаңдап отырмыз. Жұқтыру деректерінің артуы экономикаға қалай әсер етеді? Біздің қалаға өзге өңір тұрғындары, туристер келмесе немесе Франциямен арадағы шекара жабылса, жағдай қиындайын деп тұр.

Қол алысып, төс қағыстырмайтын жапондар да енді басқаша өмір сүру керек екенін түсініп отыр. Алыстан жүріп саулық сұрасатын олар темірдей тәртіп болғанда ғана вирустың таралуын тежей аламыз дейді.

Күз кезінде өзге аурулар өршиді деп отыр. Мына індет те сол кезде қайта қабаттасады. Ал ол кездегі жағдай қазіргіден тіпті қиын болуы мүмкін. Өмір енді бұрынғыдай болмайды. Қаласақ та, қаламасақ та – солай. Сақ жүрсең ғана сау жүресің. Сондықтан карантиннен кейінгі өмір тек қорғанумен өтпек.

Авторы: Дастан Сейілханұлы

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз