Индустриялық аймақтағы ірі жобалар

0

Былтыр облысқа тартылған шетел­дік инвестиция алдыңғы жылмен са­лыс­­­тыр­ғанда 2 есеге өсті. Қазір об­лыс­­та құны 2,2 трлн теңгеге тең 40 ин­­вес­­­­ти­циялық жоба жасалып жатыр, бұл арқылы 5 мың жұмыс орны құры­­­лады. Жыл аяғына дейін 435 млрд теңге тұратын 3 жоба жүзе­ге асырылды. Оның біріншісі маши­на жа­­сау ісіне қатысты. Қытайдың «China Nati­onal Machinery Import & Export Corporation» (СМС) компания­­сы «AllurGroup» акционерлік қо­ға­мы акция­сының 51 пайызын (СМС) сатып алып, отан­дық ком­пания­ның жарғы­­лық капи­талына кіреді. Инвес­ти­ция көлемі 2 млрд АҚШ доллары­­на тең. Екін­ші жоба «Астық» элеваторлық жаб­дықтар зауыты» ЖШС құры­лыс материалдарын және металл ­құрас­ты­ру зауытын іске қо­сады. Бұл ірі жобаға салынатын ин­вестиция 1 млрд теңгені құрайды. Ар­қалық қаласында «Торғай ет» ет өң­дейтін қуатты комбинат кешені жа­қында ғана жұмысын бастап, шұ­жық, қалбырдағы бұқтырылған еттің түр­лерін шығара бастады. Заманауи қуат­ты өңдеу кешеніне 2 млрд теңге қаржы жұмсалды. Тағы 1 млрд теңге­ге биыл мал бордақылау ала­ңы салынады. 

– Облыста инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін жұмысты алдымен инвестициялық ахуалды қалып­тастыруға бағыттаймыз. Инвес­торға ресурс, мамандар, қо­л­ай­­­лы логистика, өнімді өткізетін нар­ық­қа кіру сияқты барлық мәсе­ле бой­ынша жағдай жасаймыз. Кәсіпкерлік кодекстің 283-бабына сәйкес инвесторларға салық және кедендік жеңілдіктер түріндегі ар­тық­шылықтар беріледі. Осындай мүм­­кіндіктерді ұсына отырып, әл­еует­­ті инвесторларды іздестіру тоқ­­та­май жүргізіледі, – дейді облыс әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев.

Облыс басшылығы инвестор тартудың бір құралы өңірде беделді шаралар өткізу деп біледі. Былтыр қазан айында «Kostanay Invest 2018» екінші өңірлік инвестициялық форумы өтті. Оған алдыңғы жылғы­дан 3 есе көп, яғни бір мың адам қатысты. Халықаралық және ұлт­тық даму институттарының өкіл­дері, Бельгия, Индонезия, Өзбекстан елшілері, 11 елден әлеуетті инвесторлар келді. Ең бас­тысы, форум жұмысының нә­ти­жесінде 251 миллиард тең­ге­ні құ­райтын 19 ынтымақтасу құ­жат­та­рына қол қойылды. 

Осы жұмыстардың түп нәти­же­сі өңір­дегі өндірісті, экономи­ка­ны дамыту. Қос­та­най қаласында іргесі қаланған Индустрия аймағы өңір­ге инвестиция тартудың үлгісіне айнал­ды. Инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін 400 гектарды алып жатқан аймақта ин­же­нерлік жүйе, логистика сияқты барлық жағдай жасалды. Мұнда электр стансасы, газбен қамтамасыз ету желісі, су құбыр­лары, канализациялық сорғы стансасы және байланыс желісі пайдалануға берілді. Келер жылы ішкі инженерлік желілер, тасжол, теміржол тұйығы құры­лысы аяқталады. Ресей, Қытай ин­вес­торлары Индустриялық аймақ­қа қазірдің өзінде машина жасау, ау­ыл шаруашылығы, құрылыс материалдарын өндіру, электртехника салаларындағы жобаларын орналастыруға ұсыныс жасап отыр.

Даму тұжырымына сәйкес Ин­дус­­триялық аймақ құрылысы үш ке­зең­мен жүргізіледі. МТЗ тракто­рын құрастыру өндірісі мен өнер­кә­сіпті салқындату жүйесі өн­ді­рі­сі инвестициялық жобала­рын Ин­дус­трия­лық аймақтың тұң­ғыш­тары десе болғандай. Бұл өндірістерден жы­лына 3 мың трактор сапқа қойы­лып, 100 мың жылу алмастыру жаб­ды­ғы өндіріледі. Оған Ресейдің «Композит Групп» холдинг компаниясы 15 млрд теңге инвестиция салып отыр. Жобаның алғашқы кезеңін жүзеге асыру құны 2,3 млрд теңгені құрады, алдағы күндері онда 200 адам жұмыс орнын табады. Қазірдің өзінде 54 трактор сапқа қойылды. Сендвич-панель және металл құрылымы өндірісі де осы Индус­триялық аймақтан орын тепкен. Жер­гілікті «Астық» элеватор жабдық­тары зауыты инвестиция салып отыр­ған өндірістің жобалық қуаты да ересен. Онда 260 мың метр сендвич-панель, 1,5 мың тонна металл құры­лымы өндірілетін болады.

Инвестициялық жобалар нәти­же­сінде бұрын өңірде болмаған өн­ді­ріс түрлері өнім береді. Өндіріс пеш­теріне арналған тартым-үрлеу құрылғы-машиналарын іздегендер оны Қостанайдағы Индустриялық ай­мақтан табары сөзсіз. Ресейдің Ека­теринбург қаласындағы Крас­ног­вардия машина зауытынан келген инвесторлар үшін жер телімі бөлінді. Жылына 500 тартым-үрлеу машинасын шығаратын зауыттың жобалық-сметалық құжаттары да­йындалып жатыр.

Аймаққа орналасатын төртінші жоба металлургия кәсіпорындарына ар­налған доға пештері үшін жылына 20 мың тонна графиттік электродтар өн­діруге арналады. Бизнес-жоспарын жа­сап жатқан инвестор компания биыл іске кіріседі.

– Соңғы екі жобаның да Қазақстан үшін маңызы зор және елімізде оның баламасы жоқ. Осылардың сыр­тында көрші Қытай­дан инвес­тор­лар тартуға аса мән беріп отырмыз. Олардың ішінде SANY Group, YTO Group Corporation, China National Heavy Duty Truck Group (SINOTRUK), HANTENG Auto Co. Ltd., HKC Corporation Limited секілді транс­ұлттық машина жасау компаниялары бар. Мұның барлығы да Индус­трия­лық аймақтың алғашқы сатысында жүзеге асады, 120 гектар жерге орна­ластырылатын болады, – дейді Мейіржан Иябайұлы.

Екінші сатыда жүзеге асырылатын 140 гектар жер телімі түгелдей өңір ғана емес, еліміз үшін өте ірі ин­вес­тициялық жоба – ауыл шаруа­­шылығы өнімдерін өңдеу ісіне берілмек. Жобаның құны 300 млн АҚШ долларын құрайды. «BioGrain» жауапкершілігі шектеулі серік­тес­ті­гі­нің бұл жобасы Қытай инвесторлары­мен бірлесіп жүзеге асады. Өңдеу кәсіп­орны кешені құрамында 600 мың тонналық элеватор, жылына 100 мың тонна ұн тартатын диірмен, 200 мың тонна сүйек желімі, крахмал, кеспе жасайтын, өсімдік майын сығатын, 1 миллион тонна құрамажем шығаратын зауыттар болады.

Индустриялық аймақта үшінші саты үшін резервте тұрған 140 гектар жер телімі де алдағы уақытта өз инвесторларын күтеді. Осы инвес­ти­циялық жобалар жүзеге асып, өн­ді­ріс қаулап жұмыс істегенде, өңір эко­но­микасы дамып, әлеуметтік сала да гүлдене түсеріне, көптеген қостан­айлықтың жұмыс орнын табарына көз жетіп отыр. Елбасының эконо­микалық саясаты сүрлеуімен қадам басқан Тобыл-Торғай өңірі өндірі­сін­ің болашағы жарқын көрінеді.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ

Дереккөз: http://egemen.kz/