Індетті жеңген 89 жастағы кейуана дәрігерлерге алғыс айтты

0
112

Күмісхан Оразақынова коронавирус инфекциясын Кеген аудандық ауруханасына емделуге барғанда жұқтырып алған

НҰР-СҰЛТАН, 28 мамыр – Sputnik. Алматы облысында 89 жастағы кейуана коронавирустан емделіп шықты.

1931 жылы дүниеге келген Күмісхан Оразақынова бұл індетті Кеген аудандық ауруханасына емделуге барып, сол жердегі дәрігерлерден жұқтырып алған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол 4 мамыр күні Еңбекшіқазақ ауданының Шелек ауылындағы аудандық ауруханаға жатқызылған.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда 99 жастағы қария коронавирус жұқтырды 

«Пациент ауруханаға түскен кезде жағдайы орташа ауыр болды. Жас ерекшелігін ескере отырып, оны реанимация бөліміне орналастырдық. Өйткені қан қысымының жоғары болуы кез келген ауруды асқындыруы мүмкін еді. Сондықтан қатаң бақылауда ұстадық», – дейді дәрігерлер.

Кейін кейуананың 3 немересі коронавирус инфекциясын жұқтырып алғаны анықталды. Олар қазір Қарасай аудандық ауруханасында ем қабылдап жатыр. Ал Күмісхан Оразақынова ауруынан толық айығып, туған ауылы Кегенге оралды.

«14 күн бойы клиникалық протоколдарға сәйкес ем-шара жасалып, 15-күні COVID-19 ПЦР анализі оң нәтиже көрсеткендіктен, ары қарай 5 күнге ем-шараларды жалғастырдық», – дейді дәрігер-инфекционист Алмагүл Асқарқызы.

Ал одан кейінгі екі ПЦР талдауы теріс нәтиже көрсетіп, жалпы клиникалық-лабораториялық көрсеткіштер дұрысталғандықтан ауруханадан шығарылған.

«Осы Шелектегі ауруханада жатып, жазылып шығып жатырмын. Сексен тоғыздамын, бәрі жақсы қарады. Өз үйімдегі балаларымнан артық қарады. Уақытымен тамағымды іштім, уақытымен жаттым. Кіріме дейін жуды. Оларға рахметімді айтамын. Дендері сау болсын!», – дейді Күмісхан Оразақынова.



sputniknews.kz