«Індет жұқтырған жезөкшелерді жасырған»: Ақтауда полицейлердің сұмдығы әшкереленді

0

Өңірлер

Қысқа сілтеме алу

367 0 0

Қазіргі кезде адамдардың денсаулығына қауіп төндіретін ақпаратты жасыру бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды

НҰР-СҰЛТАН, 23 сәуір – Sputnik. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Маңғыстау облысында лауазымды полицейлердің заңсыз әрекетін әшкереледі, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Аппарат жетекшісі Қуаныш Жапақовтың айтуынша, агенттіктің Маңғыстау облыстық департаменті прокурорлармен бірлесіп, департамент полициясында жұмыс істейтін лауазымды тұлғалардың заңсыз әрекетін әшкереледі. Олар шетелдік азаматтарға Ақтау қаласында жезөкшелікпен айналысатын притондар желісін ұйымдастыруға көмектескен.

«Облыста карантин жарияланған болатын. Соған қарамастан, полиция қызметкерлері притондардың қызметін тоқтатуға шара қолданған жоқ. Тіпті, коронавирусты жұқтырған бір адамның жезөкшелікпен айналысатын шетелдіктермен байланыста болғанын да жасырды», – деді Жапақов бүгінгі онлайн брифингте.

Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде пара беру, лауазымды асыра пайдалану, притондарды ұйымдастыру, сондай-ақ адамдардың денсаулығына қауіп төндіретін ақпаратты жасыру бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тиісті мекемелерге хабар бергеннен кейін 87 адам оқшауланды. Олардың арасында притондарда жезөкшелікпен айналысқандар да бар. Шетелдік екі азаматтан коронавирус инфекциясы анықталды», – деп атап көрсетті Жапақов.

Оқи отырыңыз: Полицейлер Сарыағаш саунасында сұмдық істің үстінен түсті



sputniknews.kz