«Індет адам таңдамайды»: Біртанов Алматыдағы медициналық қызметкерлердің неліктен жаппай ауру жұқтырғаны жайлы түсіндірді — Қазақстан жаңалықтары

0

ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Алматыда коронавирустың өршіп кетуі туралы айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаға сілтеме жасап. 

Біртанов

«Алматыда ешқандай шалыс басу болған жоқ. Алматы мен басқа да аймақтарда аурудың жаппай таралу қарқының күшеюі таңқаларлық жайт емес. Себебі коронавирус — жұқпалы ауру. Ол адамнан адамға қарым-қатынас арқылы тарайды. Сол себепті барынша тұрғындардың байланысын азайтуға тырысқан болатынбыз. Бастапқыда Алматыдағы жағдайды барынша ұстап тұрдық. Тіпті, қалада бір күнде бір науқас тіркелген кездер де болды» , — деді министр.

Шенеунік Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдайдың өзгеруіне байланысты атқарылып жатқан шаралар да өзгертілетіні жайлы айтып кетті. 

«Бір апта бұрын карантинге кетпеген ұйымдарға мониторинг жүргізуді бастаған болатынбыз. Атап айтсақ, медициналық мекемелер, ішкі істер органдары, қарттар үйі мен басқа өзінің қызметін үзбеген ұйымдардың қызметкерлерін тексерістен өткізгенбіз. Барлығы да Алматыдағы дәрігерлердің жаппай індетті жұқтырып алғанына алаңдап отыр. Бірақ, ақ халаттылар алдыңғы шепте жүргендіктен біз бұлай болатынын сездік. Ең бастысы тиісті шешімдер шығарып, жағдайдың қайталанбауын алдын алу. Эпидемия таралуының әрбір сатысына негізделген біздің өзіндік шараларымыз құрастырылған. Мысалы, қаңтарда басқа, ақпанда басқа шаралар жасалды деген сияқты.

Қазір біз тек инфекциялық ауруханаларда ғана емес, басқа да медициналық мекемелерде жаңа сақтық жүйесін енгіздік. Яғни, енді әрбір аймақтағы көп профильді ауруханалар ендігәрі инфекциялық емханалар секілді жұмыс істейді. Бұл дегеніміз медициналық орталықтардың қызметкерлері өздерінің және науқастардың қауіпсізідігін қамтамасыз ету үшін барынша жағдай жасаулары керек», — деді Біртанов. 

Сондай-ақ министр Алматының қалалық орталық клиникалық ауруханасының дәрігерілері неліктен жаппай коронавирус жұқтырғаны жайлы сөз қозғады. 

«Тексеру жұмыстары басталды. Қызмет және тауарлардың сапасын бақылау комитетінің басшысының орынбасары Нұрхан Сәдуақасов комиссияны басқармақ. Бұл жай жағдай емес, сол себепті сырттан жіті тексеру керек. Басқа да өңірлерде осындай жағдайлар болған. Оның басты себебі ауруды жұқтырған науқас немесе маман аурухананың ішінде таратуы мүмкін. Қайталап айтамын: бұл инфекциялық ауру. Індет адамнан адамға тарайды. Ауру айтып келмейді, кімге жұғатынын таңдамайды. Науқас жұқтырса да, дәрігер жұқтырса да алдағы күндері анықталатын болады», — деді министр. 

Атап кетерлік жайт, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың саны 1331-ге жетті. Алматының өзінде 393 науқас тіркелсе, олардың 218 дәрігерлер екен. 

stan.kz