IMEI-код тіркеу ұялы телефон ұрлығын азайтуды көздейді

0

Ұялы телефондарды IMEI-код бойынша тіркеу арқылы қоғамдық пікірге бақылау жүргізу көзделген бе? Бүгінде осы мәселенің халық ара­сында қызу талқыға түсіп жат­қаны белгілі. Оның мән-жайын Телекоммуникациялар комитеті төрағасының міндетін атқарушы В.Ярошенко былай түсіндіреді:

−Шынын айтқанда, кей­бі­реулер ұялы телефондарды заңға қарсы құрал ретінде де қолданып отырғанын білеміз. Мәселен, ұялы телефоныңыз ұрланса, Ішкі істер министрлігіне барып арыз жазасыз. ІІМ қызметкерлері осыдан кейін телефоныңызды табу үшін тергеу амалдарын жүргізеді. Бұл ретте телефонды тіркеу құқық қорғаушылардың жұмысын айтарлықтай жеңілдетеді. 

Оның айтуынша, аталған жүйе ұрланған телефонды қолдануға мүмкіндік бермейді. 

− Қарапайым тілмен айт­қан­да, ұрлаған адам ұялы телефо­ны­ңыздан сим-картаны алып шы­ғып, өзінің сим-картасын сал­са, телефон жұмыс істемей қалады. Бұл жерде мемлекет тара­пы­нан жаһандық немесе жаппай ба­­қы­­­лау туралы әңгіме болып отыр­ған жоқ. Мұның бәрі де осы құ­рыл­ғыны іздеу жолын же­ңілдету үшін жасалуда. Яғни, ЖСН-ды жинау азаматтардың бар­­лығын бақылау үшін жасал­май­ды. ЖСН-дерді тіркеу, кері­сінше, азаматтарды қорғау үшін жүргізіліп отыр. Себебі өз ЖСН-іңізді атау арқылы сим-карта да, құрылғы да өз иесіне тіркеледі, − деді ол. Өз кезегінде ІІМ Қыл­мыс­тық істі тексеру полициясы депар­тамен­тінің басқарма басшысы Нұр­жан Рахметуллаев еліміздегі ұр­лық­тың 23 пайызы ұялы телефон ұр­лығына қатысты екенін атап өтті. 

− 2019 жылдың 1 қаңтары­нан бастап бұл заң күшіне енген соң, біз ұялы телефон ұрлығы деген проблемадан аулақ боламыз. Бұл жүйе біздің жұмысымызды едә­уір жеңілдететін болады. Осы жыл­дың өзінде 38 мыңнан ас­там ұялы телефон ұрланып, оның ішін­де, 13 мың телефон ғана есептен шы­ғарылды, − деді Н.Рах­метуллаев.

Қазіргі таңда ұрылар ұялы телефонды ұрлаудың сан түрін меңгеру арқылы оны оңай жүзеге асырады да көп жағдайда сатып жібереді. Тіпті ұрланған телефонмен қылмыс жасайтындар да бар­шылық. Бұған қоса қазіргі базар­лар мен қала көшелерінде сим-кар­та сатушылардың да саны арт­қан. Аталған жүйені іске қосу арқылы ұялы байланыс саласын­дағы жүгенсіздіктің алдын алу көзделіп отыр. 

Бүгінде еліміздегі ұялы теле­фондардың 80 пайызы IMEI-коды бойынша тіркеуден өткен. 

− Қазіргі таңда барлық ұялы байланыс операторлары желі­лерінде тіркелген абоненттердің саны жалпы көрсеткіштің 80 па­йы­зынан асады. Барлық абонент­терімізге бұл рәсімді оңай және қо­лайлы тәсілдермен жүргізу үшін барынша жағдай жасадық. Телефоныңызда жұлдызша − 660 – тор қысқа нөміріне қоңырау ша­лып, берілген нұсқаулар бойынша нөміріңізді тіркеуге болады. Егер бұл абоненттер шетелде болатын болса, олар уатсап, телеграмм қосымшаларындағы арнайы арналар арқылы нөмірлерін тіркей алады, – дейді «Кселл» АҚ мемлекеттік органдармен жұмыс атқару бағытындағы сарапшысы Аслан Абжақов. 

Жиында белгілі болғандай, 1 қаңтарда абоненттік құрылғыға қойылған сим-картаны автоматты түрде тіркеу жүргізіледі. Сол уақытқа дейін қолданушы өзі туралы мәліметті толық бе­руіне мүмкіндік бар. Ал жаңа жыл­дан кейін белгілі бір мәлімет­ті өзгерту қиынға түсуі мүмкін. В.Ярошенконың айтуына қа­рағанда, адамдар әлі күнге дейін тіркелмеген сим-картамен жүр. Бірақ 1 қаңтардан бастап сим-кар­та­лардың бәрі де құрылғыларға бай­ланыстырылады. Міне, сон­дықтан ұялы байланыс оператор­лары қазіргі таңда қызмет көр­сететін қолданушылардың мәлі­мет­тер базасын жаңартып жатыр.

Еркежан АЙТҚАЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Дереккөз: http://egemen.kz/

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз