«Иманды болып кетуім маңызды ғой»: Елордада ЖОО төбесі құлап, зиян шеккен мұғалім жанайқайын жеткізді — Қазақстан жаңалықтары
Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы Дана Көпежанова 28 қыркүйек корпуста болған оқиғаға қатысты пікір білдірді. Өзін осы жағдайдан кейін жақтап та, даттап та жатқан адамдардың бар екенін жасырмады. Ол «Бізге о бастан-ақ бұл мәселені ушықтырмай, дұрыстап шешуге болатын еді» деп ренішін жеткізді. Сондай-ақ, университет өкілдері қолда бар видеожазбадан плиталардың оқытушының басына құламағанын айтады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Дана Көпежанованың айтуынша, университетте дәріс оқып тұрғанында бөлменің төбесі құлап, бас-миы шайқалған деген диагноз қойылған. Ол осы жағдайдан кейін келесі сабақты жүргізе алмай, дәрігер күтіп отырған. Алайда оқытушының сабақта бар-жоғын тексеріп жүргендер оның бұл сөзін елемеген.
«Жалпы сол оқыс оқиға болған уақыттан бастап тиісті адамдарды, қауіпсіздік бөлімін, күзетші, коммендант, деканттың өкілдерін шақырған болатынбыз. Бірақ сабақ аяқталғанша сол жерде тапжылмай отырды, тек соңғы қатарға, есікке жақын жерге отырған дұрыс болар деп көштік. Тастап кетуге қорқамыз, өз өміріміз, қауіпсіздігіміз үшін емес, біз келетін, сағат сайын қорқытып, үркітіп кететін тексеріс бөлімі қызметкерлерінен, сенбеушіліктен қорқамыз. Төбеде тұрған бейнебақылауды да пысқырмайды, келіп бір қарап кетеді.
Оң жағым, әсіресе, басым қатты ауырып, алқымым қысып, қолым дірілдеп-қалшылдап, өзі-өзіме келе алмай көп отырып қалдым, сөйлейін десем сөзім шықпайды. Не болғанын білмей қалдым, бәрі әп-сәтте, тез болып, дел-сал күйде қалдым. Мен осымен бәрі бітті, біткен жерім осы болар деп ойлап едім басында. Бірдеңе құлайды-ау, ол қайда құлайды деп күтіп отырмаймыз ғой, білсек бұл жерде отырар ма едік?» — деп сауал тастады ол.
Әрі қарай келесі кезекте басқа аудиторияға барып, сабақ өткізуге мұршасы келмегенін, қоңырау кезінде әріптестерінің кафедрада су мен дәрі беріп тынышталдырғанын жазды. Сол жерде жан-жақтан қолдан келген көмек жасап, жедел жәрдем шақырып қойған. Сөзінше, жүрегі қысылып, бұрынғы басынан жарақат алған жері қатты ауырып, тура сол жеріне зақым келген.
«Ес жиып отырған кезде сол баяғы тексеруші кіріп келеді де, көрші аудиторияда кім? неге орныңызда жоқсыз? деп қолындағы қағазына шұқшиды. «Мен» деп едім, «Енді мында не істеп отырсыз»?, «Сізді қазір сабақта жоқ» деп жазып аламын деп дүрсе қоя берді. Мен барлық болған оқиғаны айтып бердім, басқалары да қосылып айтып жатса, «Енді қайтейін?Ол болса 301-аудиторияда болды, оны мен онсыз да бейнебақылаудан көріп, біліп келіп тұрмын, ал қазір сіз басқа жерде отыру керексіз, 324-аудитория. Отыруға міндеттісіз деп тұр…».
Осыдан кейін мен тіптен ашуланып, қалай олай айтасыз, ол аяқ асты болған оқыс оқиға емес па? Мен әдейі жасаған, құлатқан жоқпын, тек өз өзіме келіп, су, дәрі ішіп, жедел жәрдемді күтіп отырмын деп жауап беріп едім, ол сонда да қоймай «Ну и что? Это не ко мне» деп жауап берді. Енді мен ол жайды соны тексеріп, қадағалап, артымыздан ізімізді аңдып, бақылап жүрген адамға айтпағанда кімге айтуым керек? Түк түсінсем бұйырмасын. Ол шығып кетіп, срыв, ештеңе де білмеймін деді. Менің аудиторияға барып отыруыма тура келді.
Бірақ артынан әріптестерім қуып жетіп, жалынып, жалбарынып, жазбашы, жағдай осы болды, өлім мен өмір арасындағы оқиғаны айтып, стунденттер мен оқытушы маман, бірақ қатты қорқып қалған екен, қазір барады не біз алмастырамыз деп еді, қолын бір сілтеп, көнбей, «Сендер оқытушы болсаңдар, мен бас корпустың мониторинг бөлімінің бас маманымын, мен сендерге ешқандай да диспетчер емеспін» деп кетіп қалды, дауысын барлық коридор естіп отыр”, — деді Дана Көпежанова.
Әрі қарай ол университетте дүрсе қоя беру, жазықсыз жапа шеккендер қатарына ену, дөрекі сөйлесу дегеннің қалыпты жағдай болып кеткенін айтты.
«Осындай жағдайды дәлелдеп, менің расында қиналып, жапа шегіп отырғанымды көрсету үшін мен сол жерде қата қалуым керек па еді, иманды болып кетуім маңызды болып тұр ғой” деп. Дәл сол кезде қал-жағдай, таза адами қарым-қатынас пен адамгершілік, жанашырлықтың орнына ұрсысу мен айқайлау, оқытушы педагогтардың намысын аяққа таптап, жермен жексен қылып, елдің, балалардың көзінше жер қылмаса, шулатпаса бұл жағдайға түсіністікпен қараса, осы оқиғаны желіге шығарып, шулатпай-ақ өз деңгейімізде мәдени түрде шешуге болар еді. Бірақ, көріп отырғанымыздай мәжбүрліктен жариялап, жар салып, елден араша сұрауға тура келді.
Мен осы оқиға арқылы бізге деген университет бөлімшелерінің қызметкерлерінің қатынасын, сөз саптауы мен пейілін көрсетіп, педагог, оқытушы мәртебесін, тіпті жалпы адам ретінде қарап, адамгершілік, әдептілік, мәдениет пен тәрбие деген түсінікті, пікірді, құрметтеуді талап ету үшін назар аудардық. Осыған дейін де ескертулер болды, шағымдар болды, бірде бірі жүзеге аспады, жоғарыға жетпеді, ескерусіз жабулы қазан жабулы күйінде қалды», — деп ашынды ұстаз.
Сөз соңында Дана Көпежанова бұл жазбаны жариялаудағы мақсаты – пайда көру, елге жала жабу, біреуді орнынан алу еместігін айтып өтті. Кешелі бері журналистер мен жанашырлардың, білім және ғылым министрлігіндегілердің хабарласып жатқанын да жасырмады.
Соңғысы барлық мән-жайды анықтаған соң, қызметтік зерттеу жасап, бір шешім шығаруға уәде берген. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің өкілдері де өз кезегінде аталған фактінің, расымен де, болғанын растады.
«Аудиториядағы видеожазбадан плитканың Д.Е. Көпежанованың басына құламағанын нақты көруге болады. Аталған фактіге сәйкес, Нұр-Сұлтан қаласының еңбек бойынша мемлекеттік инспекциясына мәліметтер бағытталды. Сондай-ақ, қызметтік тексеріс басталып, университеттің барлық бөлмесінде техникалық бақылау жүріп жатыр. Қателіктер анықталған жағдайда олар ретке келтіріледі. Қызметтік тексеріс пен техникалық бақылау нәтижесі аяқтала салысымен жарияланады», — деді университеттің баспасөз қызметіндегілер.
Естеріңізге сала кетсек, елордада ЖОО-ның төбесі жапырылып түсіп, ақырында оқытушы жазаланғанын хабарлаған едік.
stan.kz