Иманбек көптен күткен Grammy мүсінін қолына алды (ВИДЕО)

0
1557

Қазақстандық диджей және продюсер Иманбек Зейкенов ақыры АҚШ-тан ұшып келген Grammy мүсінін алды. Бұл туралы Инстаграм желісінде фото, видео арқылы бөлісті. Онда музыкалық продюсері мен достары Иманбектің қуанышын бөлісіп, құттықтауда.

Біздің отандасымыз әлемдегі ең беделді музыкалық сыйлықтың жеңімпазы болғаннан кейін жеті айдан соң өзінің алтын жалатылған граммофонын алды. Халықаралық жүлдені жиырма жастағы жігіт америкалық рэпердің «Roses» композициясына жасаған ремиксі үшін алды.

Былтыр 25 қарашада Imanbek лақапатымен белгілі Иманбек Зейкеновтің Roses атты әнге жазған ремиксі «Грэммиге» ұсынылғаны белгілі болды. Ол — «Грэммиге» ұсынылған алғашқы қазақстандық. Бұған дейін Қазақстанның атынан «Грэммиге» ешқандай әртіс ұсынылмаған. Бүгінде ремикс YouTube-те 145 миллион қаралым жинаған.

Сонымен қатар, ремикс 2 аптадай Billboard Hot 100-дің топ-10 чартында тұрды. Ремикс Apple Music бойынша топ-10-ға кірді, Shazam музыкалық қосымшасында 22 миллионнан аса қаралым жинап, «Яндекс. Музыка» чартында біраз уақыт бойы бірінші орында тұрды.

Иманбек Павлодар облысы Ақсу қаласында қарапайым теміржолшы болып жұмыс істеген. Музыкамен өздігінен айналыса бастаған. Ол теміржол саласынан кеткеніне біраз болған. Бүгінде толықтай шығармашылықпен айналысып жатыр.