«Имамдардың әңгімесін көп тыңдаған»: Жұбаныш Жексенұлының су тасқыны туралы жазбасы сынға ұшырады

0

Танымал әнші, композитор Жұбаныш Жексенұлы еліміздегі оқыс оқиғаларға адамның өзін кінәлады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі жазды.

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, өнер иесі желідегі жазбасы үшін сынға қалып, оқырман қауымнан сөз естіді.

«Соңғы кездердегі елімізде болып жатқан ауыр жағдайға байланысты менің ойым, мысалы, қаншама елді су алып, қаншама отбасы үйсіз қалды. Одан да басқа жағдайлар болып жатыр, мысалы. Соның бәрі бір-біріміздің көңілімізді қалдырғаннан, ренжіткеннен, пейілдің тарылғанынан, пиғылдың жаман болғанынан деп ойлаймын. Солай деп естігем негізі. Адамның ниет-пейілі бұзылса, осындай табиғи апаттарға әкеп соғады. Сондықтан біз тезірек ниет-пиғылымызды түзеп, мінезімізді өзгертіп, сөзімізді, ойымызды, көзқарасымызды өзгертіп, іс-әрекетімізді дұрыстап, жайбарақат, музыка тыңдап отыратындай, аспанымызда ән қалықтайтындай жағдайға жетсек екен дейміз. Құдай бізге сабыр берсін, аман болайық», – деп жазды әнші.

Эстрада жұлдызының жазбасынан кейін, оқырман пікірі екіге бөлінді. Бірі қолдап жатса, енді бірі дер кезінде шара қолданбаған биліктің кесірі дейді.

«Мына әншінің дені сау ма?!», «Сонда биліктің түк кінәсі жоқ па?», «Не айтып отырғанын өзі білмейді, қайда бөлінген қаржы? Жымқырғандар туралы неге айтпайды? Көзі ашық азамат па десем, қорқақ, жалтақ, өзім аман болайын дейтін адамның біреуі екен», «Имамдардың әңгімесін көп тыңдап қойған-ау, қателестің, Құдайдың жазғаны емес, жемқорлардың кесірі бұл», «Аспаннан келген апат емес, көктемде қардың еритінін білген билік дайын отыруы тиіс еді», «Сіз әуелі су басып жатқан ауылдардағы халықтың жанайқайын жақсырап бір тыңдап шығыңыз. Мынау апат – айтып келген апат», «Бір ғана себеп – ол асқынып кеткен жемқорлық, басқасы – бос сөз», – деп жазды әншінің оқырмандары.